Қарағанды облысы биыл үш триллион теңгенің өнімін өндірді

Қарағанды облысының экономикасы барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді.

Биыл өңір кәсіпорындары 3 триллион теңгенің өнімін өндірді. Ал тартылған инвестиция көлемі былтырға қарағанда 14 процентке артты. Жыл соңына дейін 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Қарағанды облысы «Іскерлік климат» тәуелсіз рейтингінде республикада 7-орында тұр. Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілген, деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Арнайы шағын өндірістік аймақтарда бизнес өкілдері арзанға орын жалдап, кәсібін дөңгелете алады. Осындай индустриялды аймақтар Қарағанды және Саран қалаларында құрылған.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- «Даму» қоры арқылы көптеген бағдарламар жүзеге асырылып жатыр. Біздің өңірде «Кәсіпкер» бағдарламасы ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қолдауының арқасында кәсіпкерлер субсидия алады. Көтерме саудаға салықты 2 пайызға дейін төмендеттік. Ел бойынша осындай жеңілдік жасап жатқан біз ғана.

Сауда-логистикалық қоймаларында 8 мың адам еңбек етеді

Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің логистикалық даму мүмкіндіктеріне де тоқталды. Қарағандыда заманауи талаптарға сай сауда-логистикалық қоймалары жұмыс істей бастады. Мұнда келешекте 8 мың адам еңбек етеді. Осылайша тауар өндірушілерге өнімді сақтау, жедел жеткізу қызметтері ұсынылады.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Логистикалық қызметпен айналысатын компанияның жоспары ауқымды. Қазір оларға қосымша жер телімдерін қарастырып жатырмыз. Онда жоғарғы «А» санатына жататын қоймалар салынады. Болашақта кез келген мемлекетке қысқа мерзімде тауар жеткізудің озық жұмысы жолға қойылады.

Қазір Қарағанды әуежайынан коммерциялық рейстер де ұшады. Эквадор, Нидерланд, Бельгия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен ұшақтар қатынайды. Келешекте Қытай-Еуропа-Қытай бағытында әуе кемелері де ұшатын болады. Бұл өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізбек.  

 Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар