Француз компаниясы Қазақстанда жел электр станциясын салуы мүмкін

Францияның Total Energies компаниясы, Қазақстанда жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24kz.

Оның қуаттылығы – 1 ГВт. Жобаны жүзеге асыру үшін компания 1,1 млрд доллар инвестиция құюды көздеп отыр. Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысы қатысқан Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстелінде белгілі болды. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 15%-ке артып, 900 млн долларға жуықтағанын айтты. Тағы қалталы азаматтарға ел экономикасын трансформациялау жөнінде міндет қойғанын жеткізді. Президенттің сөзінше, Қазақстан Еуропа одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайын. Сондықтан осы бағытта ынтымақтастық аясын кеңейтуге шақырды. Себебі Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол.

«Біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз», - деді Мемлекет басшысы. Тағы кездесу барысында тараптар азық-түлік қауіпсіздігі, цифрлық трансформация, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен, су ресурстарын және жылумен қамту ісін тиімді басқару мәселелерін талқылады.