Қ.Тоқаев: Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады
Қазақстан мен Франция бірлесіп, жасанды интеллект мектебін ашады. Қос ел білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты да жаңа деңгейге шығаруға ниетті, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ энергетика һәм өңдеу өнеркәсібінде бірлескен жобаларды қолға алмақ. Ғарыш саласына қатысты уағдаластық та бар. Бұл үшін франциялық Airbus компаниясы өз технологиясын ұсынуға дайын. Екі тараптың бизнес өкілдері Францияда бас қосып, перспективті бағыттарды талқылады. Отырысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Бекзат Аманов, тілші:
- Бұл – Қазақстан мен Францияның қалталы кәсіпкерлері. Аузын айға білеген бизнестің серкелері бүгін дөңгелек үстелде бас қосты. Еуропалықтар терең өңдеу өнеркәсібін ұршықша иіреді. Оның үстіне өндіріске жоғары технология енгізу жағынан өзгелерден көш ілгері. Ал бізде шикізаттың мол қоры бар. Алпауыттардың Орталық Азия нарығына қызығуының бірден-бірі себебі осы. Мұнда қаймана қазақтың да мүддесі бар. Сол үшін ордалы отырысқа қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Францияның аталған аймақпен сауда-саттығының 80%-і Қазақстанға тиесілі. Биыл екіжақты сауда айналымы 45%-ке ұлғайды. Біз бұл үдерістің сақталғанын қалаймыз.
Иә, Франциямен серіктес атанған ұлт ұтылмайды. Кейінгі кезде қатынасқа қарқын қосу арқылы біз де мұны іс жүзінде түсіне бастадық. Биыл Парижден тартылған тікелей инвестиция көлемі 15%-ке артып, 900 млн долларға жуықтады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазақстан нарығында 200-ден астам француз кәсіпорны бар. Алпауыт компаниялардың арасында Total, Alstom, Danone, Vicat, Airbus кәсіпорындары мен мұндалайды. Кездесуде Президент перспективті бағыттарды атады. Қазір Франция уранға мұқтаж, ал Қазақстанда шикізаттың бай қоры бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еуропа одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз.
Кейінгі кездері Қазақстан энергия көздерін әртараптандыру бағытында белсенді. Осы бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келетін ірі компаниялардың қатары көбейді. Мәселен, Total Energies компаниясы 1,1 млрд доллар құйып, қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл ғана емес. Мемлекеттік сапар аясында тағы бір уағдаластықтың орайы туды.
Алмаз Саухимов, «KEGOC» АҚ басқарушы директоры:
- Кездесуде Президент жер қойнауына қатысты қызықты болжаммен бөлісті. Қазақ жерінде жоғары технологиялық өндірістің барлығына қажетті литий, берилий және тантал сияқты сирек кездесетін үш минералдың мол қоры бар. Өзге шикізат қоры да жеткілікті. Бұл бағытта байланыс орнатуға мүмкіндік мол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2040 жылға қарай дүниежүзінде аса маңызды шикізатқа сұраныс төрт есе артады. Демек, Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады. Қазіргі кезде біз Еуропа одағының экономикасы үшін өте маңызды 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреміз. Бұл санатқа титан, мыс, магний және скандий секілді элементтер кіреді.
Кейінгі уақытта қарқынды дамып келе жатқан тағы бір бағыт – ауыл шаруашылығы. Қазақстан астық экспорттаушылардың ірі ондығына кіреді. Сыртқы нарыққа 8 млн тоннадан астам бидай мен 2 млн тонна ұн шығарамыз. Өнімдер әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Биыл егіннің бітік шығуы нәтижесінде еліміздің астық экспорттау әлеуеті 12 млн тоннаға дейін артты. Президент саладағы серіктестікті арттыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Цифрлық трансформация қазірдің өзінде еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін еселеуге мүмкіндік берді. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT-хабқа айналу. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы еліміз электрондық үкімет бағытында цифрлық технологияларды енгізу бойынша әлемде 24-орын, ал онлайн қызметтер көрсету бойынша 10-орын алды.
Сапар аясында цифрландыруды дамыту жайы жиі сөз болды. Екі ел бірлесіп, жасанды интеллект мектебін ашпақшы. Жалпы білім саласында уағдаластық көп. Екі ел бұл саланы серіктестіктің жаңа бағыты ретінде қарастырады.
Тимур Турлов, кәсіпкер, инвестор:
- Біз Франциялық әріптестерімізбен Астанада жаңа білім ордасын салу жөнінде келістік. Бұл біздің балаларға үлкен мүмкіндік береді. Францияға келіп білім алуларына жол ашады. Ал мұндағы оқу деңгейі жоғары. Басқа да уағдаластықтар бар. Еуропа елдерімен бірігіп, IT саласының мамандарын дайындағымыз келеді.
Қазір жаһан жұрты инвестор тарту үшін жарысып жатыр деуге болады. Себебі, инвестиция қаржы ғана емес, қосымша жұмыс орны мен жаңа технология.
Ги Сидос, «Vicat» компаниясының президенті:
- Шағын және орта кәсіп иелерін елге тарту үшін Франция банктері мен олардың шетелдік серіктестерімен етене жұмыс істеу керек. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Ірі компаниялар халықаралық банктермен жұмыс істеуге бейімделген, ал шағын кәсіп үшін бұл қиын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронды келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ француз кәсіпкерлеріне 2025 жылдың мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуды ұсынды.
Авторы: Бекзат Аманов