Бүгін – Мемлекеттік статистика күні

Отандық салаға биыл 104 жыл толды.

Айтулы датаға орай еліміздің статистері төл мерекесін атап өтуде. Осы жылдар ішінде Қазақстанның статистикалық жүйесі халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, салаға білікті жас мамандар келіп жатыр.

Нұржан Сәрсенбаев отандық статистика саласындағы еңбек жолын 2010 жылы Ақтөбе облысында жастар тәжірибесінен бастады. Кейін еншілес мемлекеттік кәсіпорында екінші санаттағы маман болып жұмысқа орналасты. Араға бір жыл салып, мемлекеттік қызметкер атанды. Туған өңірінде жетекші маман болып, 3,5 жылдай еңбек етті. Біліктілігімен және белсенділігімен дараланған соң, орталық аппаратта бас сарапшы қызметіне дейін көтерілді. Қазір Ұлттық статистика бюросындағы департамент директорының орынбасары болып жұмыс істейді.

Нұржан Сәрсенбаев, Ауыл шаруашылығы статистикасы және ұлттық стандарттар департаменті бастығының орынбасары:
- Негізі статистикалық қызмет төменнен жоғары қарай жүреді. Өйткені ауданнан бастап жиналады да, ол кейін облысқа жиналады. Облыстан республикалық деңгейде Алматыдағы біздің еншілес есептеу ақпараттық орталығымыз бар. Сол жақта өңделіп, осы бюрода сараланып, жасақталып, жұртшылыққа тұтынушыларға ұсынылады.

Сандарды сөйлететін ғылым қателікті кешірмейді. Нақты көрсеткіштерді ғана талап етеді. Өйткені оның нәтижесі ел ішіндегі көптеген саланың даму барысы мен алдағы бағдарын анықтайды. Болашақты болжайды.

Нұржан Сәрсенбаев, Ауыл шаруашылығы статистикасы және ұлттық стандарттар департаменті бастығының орынбасары:
- Белгілі бір өңірге қанша балабақша керек, қанша мектеп керек, қанша әлеуметтік нысан қажет, соның барлығы осы статистикада қалыптастырылатын сандар арқылы жасалынады. Орталықта жүрген кезде жауапкершілік екі есе болады. Сенен кейін ешкім жоқ ол нәрсені тексеретін. Сенің берген деректерің барлық үлкен басшылардың алдарына түседі.

Халықаралық ұйымдардың жан-жақты жүргізген бағалауының арқасында еліміздің статистикалық көрсеткіштері жоғары сапасымен және дәлдігімен танылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына да сәйкес келеді.

Фархад Қалиев, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары:
- Ұлттық статистика бюросының дерегін Үкіметтен бастап, кез келген ел тұрғынына дейін пайдалана алады. Соңғы уақытта ғылыми қызметкерлер де біз ұсынған қызметті жиі қолданып келеді. Бүгінде бюро цифрлық ведомствоға көшу алдында тұр. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ресми сайтымызды жетілдіріп, мәліметтердің қолжетімділігін арттырамыз. Жыл сайын 6,5 мыңға жуық ақпарат жариялаймыз. Биыл маусым айынан бері әкімшілік деректердің сапасына мән беру жағы қолға алынды.       

Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік статистика макроэкономикалық көрсеткіштерден бастап, әлеуметтік және кәсіпкерлік қызмет көрсету салаларына дейін зерттейді. Тұтынушыға ақпарат түсінікті болу үшін 2027 жылға дейін статистикалық формаларды 50 пайызға дейін қысқарту және оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Серік Селеубайұлы