Премьер-министр шағын және орта бизнес форумына қатысты
Бизнес өзін нық сезініп, өндірісті кеңейту мен келешекке инвестиция салу мүмкіндігіне ие болуы керек.
Бұл жайында бүгін шағын және орта бизнес форумына қатысқан Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. Үкімет басшысы кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін дамытып қана қоймай, экономиканы да белсенді түрде әртараптандыруға тоқталды. Қазір шағын және орта бизнестің үлесі 37%-ға дейін өсті. Жарты жыл ішінде олар 34 трлн теңгенің өнімін өндірген. Айта кету керек, биыл Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараны қолға алды. Қазір мемлекеттік сатып алу кезінде басымдыққа ие отандық өнімдер тізбесі 3 есе кеңейтілді. Бүгінде жасалған келісімшарттар сомасы 167 млрд теңгеге жетеді. Форум барысында Олжас Бектенов отандық тауарлар желілерімен де танысып шықты.