Елде жыл сайын 2 млн-нан астам ірі қара терісі қоқысқа кетеді
Елде жылына 3 млн-ға жуық сиыр терісі сыпырылады. Бірақ көбі жарамсыз. Сол себепті жыл сайын 2 млн-нан астам ірі қара терісі қоқысқа тасталып жатыр.
Тері илеу кәсібінде қордаланған мәселе баршылық. Мал басы өскен сайын теріні кәдеге жарату мәселесі де жиі көтерілетін тақырыпқа айналды.
Мал терісін қалай кәдеге жаратамыз?
Елде мал терісінің шамалы бөлігі ғана өңделеді. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр сойылған 2,5 млн ірі қараның 8%-нің ғана терісі өңделген. 14%-і экспортқа шығарылыпты. Ал қалған 78%-і кәдеге жарамай, қоқысқа тасталған. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, отандық нарықта сұраныс аз. Теріні өңдеп, одан өнім шығаратын зауыттардың өндірістік қуаты төмен. Екіншіден, шикізаттың сапасы нашар. Себебі талапқа сай сойылмағандықтан, малдың терісі шұрық-тесік. Яғни, оқыра тескен немесе сойған кезде тілінген терілерді өңдеу мүмкін емес. Кейінгі жылдары бұл терілер желатин өндірісінде көптеп пайдаланылып жатыр. Жаңадан кәсіпорындар ашылды және Қытай нарығында сұраныс артты. Дегенмен мамандардың айтуынша, желатин шығаратын зауыттар елдегі шикізатты толық игере алмай отыр.
Нұрман Нүптікеев, Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:
- Желатин деген – қосымша өнім. Ал негізі терінің пайдалану аясы аяқкиім, жаңағы былғары өндірісіне қарай кету керек қой. Біздің терілердің 100%-нің 20-30%-і ғана соған жарап тұр да, ал 70-80%-і Қазақстан теріcінің былғары өндірісіне жарамай тұр. Қазір сол себептен терінің сапасын көтеру деген мәселе бірінші кезекте болып тұр да. Ауылдағы малды союдан бастап, малды ұстау, сою, жаңағы ветеринариялық екпелерді егу деген сияқты.
Тері үшін субсидия төленеді
Үкімет саладағы қадағалауды күшейту мақсатында жол картасын әзірледі. Жол картасында шикізат дайындау нүктелерін жолға қою қарастырылған. «Бұл – оң бастама», – дейді мамандар. Олардың айтуынша, өндірістік тізбекті қалыптастыру қажет. Яғни, тері өңдейтін зауыт-фабрикаларды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындар жұмыс істеуі керек. Тері зауыттары ет комбинаттарының маңында шоғырлануға тиіс. Ал ет комбинаттарында малдың терісі дұрыс сыпырылуы қадағаланады. Бұл логистикалық тұрғыдан да ұтымды болмақ. Сонымен қатар мал баққан ағайынды ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия төлеуді жоспарлап отыр.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- Фермерлерге қайта өңдеуге тапсырған тері үшін субсидия беру мәселесі. Осындай механизм басқа да өнімдер бойынша қазір істеп келе жатыр, мысалға, сүтті тапсырғаны үшін субсидия беріледі фермерлерге. Қызылшаны тапсырғаны үшін фермерлерге субсидия беріледі. Дәл осы сияқты механизмді біз тері мен жүнге де қатысты іске асырмақшымыз. Сонда қайта өңдеушіге келетін шикізаттың құны тағы да біршама арзандайды. Ол демек әрі қарай өткізген кезде де оның бәсекеге қабілеттілігі жоғарырақ болады деген сөз.
Қой терісіне сұраныс жоқ
Қазір тері өңдеушілер шикізатты әртүрлі көздерден алады. Олардың қатарында ет комбинаттары да, жекелеген фермерлер де бар. Бұл жерде бұқа терісі қымбат тұрады. Яғни, ұрғашы мал терісінің бір келісі 100 теңгеге дейін бағаланса, бұқа терісінің бір келісі 150 теңгенің маңайында. «Ал ұсақ малдың терісіне мүлде сұраныс жоқ», – дейді маман.
Нұрман Нүптікеев, Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:
- Ірі қара малдың терісі арзан болғаннан кейін қой терісіне деген сұраныс мүлдем жоқ. Қой терісі, былай айтқанда, өліп-өшіп бара жатқан салаға жатады қазір. Оның ішінде бірақ енді аяқ киімнің астарына, біздің мына мемлекеттік тапсырысқа аяқкиімнің астарына, жылы, қыстық аяқкиімдерге пайдаланатын «мехподкладка» дейді ғой, сондайға былтырлары сұраныстар бар еді. Қазір ол сұраныс та жоқ. Себебі сырттан дайын аяқкиімдер кіріп кетіп жатыр да. Бұл бізді, шала-жансар күйде тұрған кішігірім цехтарды, олардың өзін қазір тоқтап, банкрот болуына алып келіп жатыр.
Тері өңдеушілерге жеңілдетілген несие беріледі
Саланы дамытудағы тағы бір кедергі, зауыттар жабдығы әбден ескірген. Тіпті тозу деңгейі 80%-ке жеткен кәсіпорындар бар. Ең жаңа деген зауыттың технологиясы 17 жыл бұрын іске қосылған. Ал технологиялық желіні жаңғырту үшін қыруар қаржы қажет. «Бұл жерде, әрине, мемлекет тарапынан қолдау болмаса, кәсіпкерлердің шамасы келмейді», – дейді маман. Қазір осы кәсіпорындарды жаңарту үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Яғни, кәсіпкерлерге төмендетілген пайызбен несие берілмек.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- Ал осы сияқты жобалар іске асуы үшін, жаңа мен бірінші бөлігін айттым ғой, өндіріс жағында сүт-тауарлы ферма құруға арзандатылған несие беріледі деп, сол қатарға біз басқа да қайта өңдеуші кәсіпорындардың бәрін қосып қойдық, сол бағдарлама бойынша қаржыландыруға болатындай қылып. Яғни, қайта өңдеуші кәсіпорындар бар ғой, соның ішінде теріні қайта өңдеушілер сол бағдарлама бойынша арзан несие ала алатын болады.
Жеңіл өнеркәсіптегі былғары өндірісінің үлесі – 9%
Жалпы тері өңдеу саласы, яғни, былғары өндірісі жеңіл өнеркәсіпке жатады. Былтыр салада 200 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал былғары өндірісінің мұндағы үлесі 9%-ті еңсерді. Бұл көрсеткішті ұлғайту үшін елде шикізат жеткілікті. Қазақстанда 9 млн ірі қара мен 24 млн-ға жуық қой-ешкі бар. Жұмыс күшін де табу қиын емес. Енді тері өңдеушілер Үкімет әзірлеген жол картасына үмітпен қарап отыр. Бұл құжат саланың тамырына қан жүгіртуге тиіс.