Экономист: Доллар алуға асықпаңыз
Доллар индексінің жаһандық нығаюы, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі және Ресей рублінің әлсіреуі.
Ұлттық экономика министрі теңге бағамына әсер еткен факторларды атады.
Қазір доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 522 теңгеден асты.
Сарапшылар валюта нарығындағы ахуалды қалай болжайды? Қазір доллар сатып алу тиімді ме?
Теңгені тұрақтандыру шараларын нығайту керек
Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шараларды қабылдап жатыр. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзі бұл. Бастысы - азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу керек. Кәсіпкерлер үшін де теріс әсерін азайту маңызды. Министр Үкіметте қажетті ресурстар мен құралдар жеткілікті дейді. Ал Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы теңгенің әлі де қысым көретінін ескертті. Сарапшылар желтоқсанда Ұлттық банктің 800-900 млн доллар ғана сататынын айтады. Яғни қосымша шаралар ауадай қажет. Тіпті базалық мөлшерлеме де көтерілуі бек мүмкін.
Рубльдің әлсіреуі нарыққа әсер етеді
Әлбетте еліміздің маңызды сауда серіктесі Ресей. Импорт көлемі 30 пайызға жуықтайды. Десе де сарапшылар сыртқы саудадағы рубльмен жасалған операциялардың айтарлықтай көп еместігін алға тартады. Экономист Мақсат Халық әсіресе отандық компаниялар зардап шекпеуі үшін, теңгерімді саясат жүргізу маңызды дейді.
Мақсат Халық, экономист:
- Өзім сарапшы ретінде айтушы едім, рубльге қатысты теңгені қатты құнды қылудың қажеттілігі жоқ. Егер де теңгеміз қатты құнды болып кететін болса, онда Ресейдің импорты Қазақстанға деген арзандап кетеді. Тиісінше біздегі өндірістік компаниялар осыдан зардап шегіп, банкрот болуы да мүмкін. Сондықтан теңгерімді саясат жасау керек.
Доллар бабында болады...
Теңгеге қатысты тиісті шаралар қабылданса, жаңа жылдың алғашқы жартысында ахуал оңалуы мүмкін. Әзірге барлық дамушы елдің ақшасы долларға шаққанда әлсіреп жатыр. Өзге де ішкі және сыртқы факторлардың әсері де бар. Мұнайға тәуелділік пен фискалдық тәртіптің төмендігі де валюта нарығына ықпал етеді. Ұлттық банк, квазимемлекеттік секторға ай сайын $500 млн сатпақшы. Бұл нарықты тұрақтандыруға ықпал етуі мүмкін. Тек мұнай баррелінің $60 бекітілуі теңгеге әсер етеді. Әзірге оның құны 73 доллардан асады.
Баспана құны шарықтауы мүмкін
Доллардың өсуін ұтымды пайдалануға тырысып жатқандар бар. Мәселен, екінші нарықтағы баспана құны 30 пайызға дейін артуы мүмкін дейді сарапшылар. Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Александр Пак азаматтардың бір шаршы метр құны халықтың орташа өңірлік кірісіне қарай түзілетінін түсіне бермейтінін жеткізді. Дәл қазір бағаны өсіруге негіз жоқ. Себебі халықтың кірісі артпады, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар да бәріне қолжетімді емес. Сарапшы баспана құны, доллармен қатар өсетіні қалыпты жағдайға айналғанын айтады. Алайда сұраныстың азаюынан 2-3 айда нарық қалпына келеді. Александр Пак баспана сатуға ниеттілерге ақылға қонымды баға қоюға кеңес береді. Өйткені доллар бағамы өсіп жатқан тұста, дәл қазіргі қолайлы бағаға пәтер сатып алуға асығатындар көп болады. Ал жаңа үйлердің құны әлі де өсе береді. Себебі құрылыс материалдарының 70 пайызы сырттан келеді. ++цитата
Александр Пак, сарапшы:
- Қайталама нарық қазір тек коммерциялық ипотекаға түседі. Баға 2023 жылы төмендеді. Сатып алу-сату мәмілелерінің саны енді артып жатыр. Дегенмен, бұған дейінгі құлдырау коммерциялық ипотека үлесінің өсуіне әлып келді. Ол әрқашан ипотеканың жалпы санының 25-30% аралығында болған, қазір 42% - ға дейін өсті. Демек, нарық қалпына келіп жатыр. Кірістер мен жылжымайтын мүлік бағасы теңестірілді.
Долларды сатып алуға асықпаңыз
Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Әнуар Бақытханов АҚШ долларын сатып алмауға кеңес береді. Әсіресе соңғы тиынын сарп етуге дайын тұрғандар ойлануы тиіс. Себебі қазіргі өсім уақытша үдеріс болуы мүмкін. Сұраныс азайғанда бағам да тұрақталады. Тіпті төмендеуі ғажап емес. Демек, сіздегі валюта тиімсіз болып қалады. Сарапшы қор нарығы, жылжымайтын мүлік немесе алтын сынды Жинақты сақтап, көбейтуге көмектесетін ұзақмерзімді инвестицияларды қарастыруды ұсынады. Әнуар Бақытханов экспортқа қатысы бар компаниялардың акцияларын зерттеуге кеңес береді. Сарапшы аздан болса да, тұрақты жасалған инвестиция нәтижесін береріне сенімді. Ұзақмерзімді депозитті де назарға алуға болады. Өйткені, дәл қазіргідей жағдайда орталық банктер мөлшерлемені арттырады. Яғни теңгемен сақталған жинақ айтарлықтай тиімді бола түседі. Еске салайын, таяуда Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені 14,25 пайыздан 15,25 пайызға дейін өсірді.
Долларды сатып алуға асықпаңыз
Ал экономист Мақсат Халық ақшаны түрлі валютада сақтаған дұрыс дейді. Дегенмен, валюта нарығы құбылып тұрғанда долларды сатып алуға асықпау керек.
Мақсат Халық, экономист:
- Әрине бұл үдерістердің барлығы уақытша екенін айтқым келеді. Қазір спекулянттар өте көп. Теңгені мың болады деп айқайлап жүргендер де бар. Әрине ондай болмайды. Бірақ та теңгеміздің белгілі бір ауытқулары орын алады. Осы жерде ең бір айтатын мәселе бәрі сатып жатқан кезде сатпау керек, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алмау керек. Бұл қаржыгердің нақты алтын заңдары.
ВАЛЮТА БАҒАМЫ
Сөз соңында валюта бағамына тоқталайын. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллардың құны 522 теңге 50 тиын. Еуро 547 теңге 71 тиынға бағаланып отыр. Сондай-ақ рубльдің бағасы 4.85 теңгеге жуықтаса, Қытай юані 69 теңге 59 тиын.
USD/KZ – 522,50
EURO/KZT – 547,71
RUB/KZT – 4.85
CNY/KZT – 69,59