Қайтарылған активтер: ₸525 млрд әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару шаралары аясында мемлекет пайдасына түскен 525 млрд теңгеге әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстанның Азаматтық Альянсы жанындағы «Ұстаным» пікірсайыс клубының кезекті отырысы осы тақырыпқа арналды. Жиынға қатысушылар бұл жұмыс елде құқық қорғау, қаржылық бақылау жүйелерінің және былтыр қабылданған арнайы заң аясында тиімді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қол қойылған келісімдер бойынша осы айдың соңына дейін тағы ондаған млрд қаражат ел пайдасына түсуі тиіс. Мүлікті өткізу бойынша рәсімдер де жүріп жатыр. Комиссия мүшелерінің айтуынша, заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі қоғам тарапынан жоғары қызығушылыққа ие. Сол себепті жан-жақты ашық мәлімет беру маңызды.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы:

- Бүгінге арнаулы мемлекеттік қорға түскен қаражат 188 млрд теңге. Ол ақшалай нақты Үкіметтің басқаруындағы есепшотта жатқан ақша. 87 млрд теңгеге жуық сомаға активтер нақты заттай ретінде берілді. Оның ішінде жылжымайтын мүлігі бар. Оқта-текте елді қызықтырып жүрген әшекей бұйымдар бар, бренд аксессуарлар, вилла, басқа деген сияқты оның бәрі басқарушы компанияға өткізілген. Басты сұрақтар сол ғой, қанша қайтарылды, қайда кетті, оның ішінде не бар деген сияқты.

Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:

- Қазақстанның Азаматтық Альянсы соңғы үш айдың ішінде өзіміз пікірталас клубын ашып, «Ұстаным» деп атын қойып, оны неге ұстаным өздеріңіз білесіздер, әрбір адамның ұстанымы бар. Осы жерде нағыз халыққа керек деген мәселені көтеріп, талқылап, оның жаңағы шешімі де жолдарын көрсетейік деп ашқан клубымыз. Халық қазір біледі үлкен жұмыс жасалып жатқанын.