Су ақысының 85%-ы субсидияланады
Су үнемдеу технологияларын енгізген диқандардың шығыны азаяды. Яғни олар пайдаланған судың 85 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі.
Үкімет су үнемдеу технологиясын жеделдетіп енгізу мақсатында 2026 жылға дейінгі жол картасын бекітті. Аталған құжатта су саласын цифрландыру, су нысандарын есепке алу және жабдықтау жүйелерін жаңғырту іс-шаралары көзделген. Қазір ел бойынша 380 мың гектардан астам аумақта су үнемдеу технологиялары қолданылады. Жыл басынан бері 70 мың гектар егіс алқабына енгізілді. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға қарай республикадағы суармалы жерлердің жартысынан астамын қамтуды жоспарлап отыр. Сол арқылы жылына 2 текше шақырымға дейін су үнемделмек. Сондай-ақ ұңғыма бұрғылауға және су үнемдеу жүйесін орнату шығындарына төленетін субсидия да 50 пайыздан 80 пайызға ұлғайды.
Су үнемдеу технологиясы:
Барлығы – 382,6 мың га;
Биыл – 70,6 мың га;
2030 жылы су үнемі – 2,1 км³.
Берікбол Сәндібаев, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры:
- Аталған іс-шаралар шаруаларды су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуге ынталандыруға бағытталып отыр. Қазіргі заманғы суару жүйелеріне көшу, шамамен 20-30 % су үнемдеуге және 2030 жылға қарай еліміздегі егіс алқаптарын 1,3 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сырдария арқылы 11 млрд текше метр су келеді.
Жалпы, биыл жазда диқандар судан тарыққан жоқ. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сүйенсек, шаруаларға 11 млрд текше метрден астам су берілді. (ГРАФИКА) Шардара су қоймасы 5 млрд текше метрге жуық сумен толықты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық. «Достық» каналы арқылы келісілген көлемнен 41 млн текше метрге артық, яғни 532 млн текше метрден көп су келді. Қапшағай су қоймасы кейінгі он жылда алғаш рет толып, 18 млрд текше метр су жиналды. Ал Солтүстік Аралға 1 млрд текше метрге жуық су ағып келіп, су қоры 22 млрд текше метрге жетті. Сондай-ақ жауапты министрлік келесі жылы көрші елдерден келетін су көлемі бойынша келісімдерге қол жеткізді. Яғни сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су келуге тиіс.
Сырттан келген су көлемі:
Шардара су қоймасы – 4,8 млрд м³;
“Достық” каналы – 532,4 млн м³;
Қапшағай су қоймасы – 18 млрд м³;
Солтүстік Арал – 22 млрд м³;
Су шығыны 25% азаяды.
Сонымен қатар елде көктемгі қар суын жинап алу мәселесі маңызды мәселеге айналып отыр. Бұл мақсатта 7 жылда қосымша 2,6 текше шақырым су жинай алатын 42 су қоймасы тұрғызылады. Және сыйымдылығы 2 текше шақырым болатын 30 су қоймасы мен 14 450 шақырым канал жөнделеді. Осының арқасында тасымалдау кезіндегі су шығыны 25 % азаяды.
Су қоймаларының құрылысы:
42 су қоймасы салынады;
30 су қоймасы, 14 450 шақырым канал жөнделеді;
Су шығыны 25%-ға азаяды;
Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі күшейеді.
Қазіргі таңда көктемгі су тасқынына дайындық аясында қар суын қабылдау үшін елдің солтүстік, батыс, шығыс және орталығындағы су қоймалары босатылды. 1502 гидротехникалық нысан тексерілді. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жауапты тұлғаларға ұсыныс берілді. Жалпы, кейінгі уақытта су саласындағы заңсыздықтарды жою бағытындағы жұмыстар күшейді. Жыл басынан жүргізілген тексерістер бойынша 29 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, бұл жұмыстар «көлеңкелі» нарықты жою және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін қолға алынды. Ал жаңа су кодексінде лауазымды тұлғаларға қойылатын талап тіпті күшеймек.
Нұржан Нұржігітов ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Айыппұл мөлшері 10 есеге дейін өскен баптар бар. Оған қосымша біз сол, әкімшілік кодексіне қосымша қазір 359-шы прин 1 деген бабын кіргізіп жатырмыз. Өзі үш тармақшадан тұрады. Сол жерде біз мына биылғы жылы су тасқыны көрсетті, әкімшілік жауапкершілік жоқ. Мысалы, лауазымды қызметкерге жоқ. Сондықтан біз осы лауазымды қызметкерді міндетті түрде сол жерге кіргізіп отырмыз.
75 өзеннің цифрлық гидрографы әзірленді.
Су тасқынының алдын алу мақсатында елде «Tasqyn» жобасы қолға алынды. Бұл жүйе автоматты режимде су қоймасына келетін су ағынын болжайды. Сондай-ақ тасқын көлемін анықтауға және су басу аймақтарын модельдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде «Қазсушар» мекемесіне қарасты 86 су қоймасы цифрландырылды. Бұдан бөлек, өзендердегі су көлемін көрсететін цифрлық гидрограф әзірленді. Гидрограф «Қазгидромет» және жаһандық су тасқынының алдын алу жүйесінің деректері негізінде түзілді. Яғни бұл мәліметтер елдегі 75 өзеннің жай-күйін тұрақты бақылап, алдын алу шараларын жүргізуге жол ашады.