Қытайлық холдинг елімізде бидайды терең өңдейтін кәсіпорын салуы мүмкін

Қытайлық Dalian Group (ДАЛ-ЯН ГРУП) холдингі елде бидайды терең өңдейтін кәсіпорын салуы мүмкін.

Бүгін компания басшылығы осы мәселелерді Премьер-министр Олжас Бектеновпен талқылады. Жаңа кәсіпорын Ақмола облысында бой көтереді деп жоспарланған. Бірінші кезеңде Қытай тарапы 500-800 млн доллар көлемінде инвестиция бағыттаса, жобаны іске асырудың екінші және үшінші кезеңдерінде тағы 1 млрд доллар қаржы бөлмек ойда. Жоба сәтті жүзеге асырылса 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орын ашылады. Жалпы кәсіпорынның бастапқы кезде жылдық қуаттылығы 3 млн тоннаны құрамақ. Айта кету керек, бұл жобада көмір жылу электр стансасы мен көмір химиясы кешенінің құрылысы да қарастырылған. Қатты отынды қайта өңдеу арқылы жылына 150-400 мың тонна сұйық аммиак алынады деп күтілуде. Жалпы жаңа агрожобаны іске асыру салаға тың серпін беретін болады.