Инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту жалғасып жатыр

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялар көлемін арттыру ісі жалғасып жатыр.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл ретте 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясындағы жобаларға ерекше мән беріледі. Қазір құны 4 миллиард долларға жуық 6 бірлескен бағдарлама бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның қатарында автомобиль жолдарын реконструкциялау, білім беру нысандарын жаңғырту мен оңтүстік облыстарда ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобалары бар. Тағы Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі 125 белсенді жобаға 3 миллиард доллардан астам қаржы бағыттаған. Ал жыл соңына дейін Еуразия даму банкінен тартылатын инвестициялар көлемі 1 миллиард доллардан кем түспейді деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек Ислам Даму Банкі мен Араб үйлестіру тобы 30 инфрақұрылымдық жобаға 7 миллиард доллардан астам қаржы бөлуді жоспарлаған.