Отандық туризм: 2024 жылдың қорытындысы

Қытайдан Қазақстанға келетін турист саны биыл 50%-ке өсіп, жарты милионнан асты, деп хабарлайды 24KZ. Жыл соңына дейін меймандарды күтуге арналған 119 инвестициялық жоба толық іске қосылмақ. Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, бұл қосымша 1300-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілгелі бері көрші елден келер мейман саны екі есе өскен. Қытайлық қонақтар елімізге көбіне іскери мақсатта келетін көрінеді. Топтық турмен саяхаттап қайтатындар да жоқ емес. Бірақ шекара асып, қыдыратындарының 50%-тейі тек Алматы облысын таңдайды.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

- Биыл Қытайда Қазақстанның туризм жылы өтті. 30-дан астам түрлі іс-шаралар тек қана туристтік бағыттарда емес, жалпы екі ел арасындағы мәдени қатынас, достық, татуластық идеяларын ілгерілету бойынша талай шара өткізілді. Нәтижесінде жалпы Қазақстан туралы негізгі ақпарат қытай тілінде көбейтілді және Қытайдан бері қарай келетін қонақтар санының да 550 мыңнан асты.

Жыл басындағы болжам жарты миллион еді. Белгіленген меже 10 айда асып түсті. Бірақ қуануға әлі әлі ерте. Өйткені әлем бойынша ең көп саяхаттайтын Қытай туристері 2019 жылдың өзінде шетке 155 млн рет шығыпты. Сөйтіп, сыртта 255 млрд доллар қаржы жұмсалған. Goldman Sachs 2024 жылғы көрсеткіш осыған таяп қалғанын келтірелі. Демек Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур ұшып кететін іргедегі туристерді бізге тарту үшін әлі талай шаруа атқарылуы керек. Мәселен, халықаралық конференция, көрме, жиындарды қамтитын іскери туризмді ілгерілеткен жөн.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

- Келер жылға да біз оннан астам шараның Қазақстанда өтуін жоспарлап қойдық. Ал осы уақытқа дейін өткен іс-шараның саны 16-ға жетті. Жалпы әлемдік нарықта бұл іс-шаралардың саны 15-16 мыңға жетеді, яғни көшпелі шаралар. Соның пайыздық мөлшеріндегісін алсақ, әрине, біздің үлесіміз өте аз және соны алдағы жылдарда ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Әлемге әйгілі әртістерді шақырып, концерт немесе спорттық іс-шара ұйымдастыру арқылы да турист санын еселеудің амалы тағы бар. «Ол үшін инфрақұрылымды дамыту қажет», – дейді Даниел Сержанұлы. Мәселен, биыл Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде мұражай, мейрамхана, ойын-сауық орындарына барғандар саны 2 есе өсіпті. Димаштың Арқа төрінде концерт ұйымдастырғаны да септігін тигізген. Бірақ арқаны кеңге салатын жөн жоқ. Бұл бағыттағы шаруаны ширату міндеті бар.   

Айжан Жолдасбекова, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі:

- Қазіргі таңда кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Келесі жылдан бастап Щучинск – Бурабай курорттар аймағын дамытудағы іс-шаралар бастау алады. Олар негізінен жол және жол бойындағы сервистерді жақсарту, инфрақұрылымды жақсарту және Бурабайдағы курорттарға веложолақтар салу, қызмет сапасын жақсарту қолжетімді етіп жасау т.с.с. іс-шаралар жүргізіледі.

Әзірге туризм бойынша қолда бары – 9 айдың көрсеткіші. Статистикаға сүйенсек, қаңтар-қыркүйек арасында 6 млн қазақстандық ел ішін аралаған. Шеттен келген меймандар саны 11,5 млн. Биылдыққа инвестиция көлемі 34%-ке артып, 668 млрд теңгені құрады. Ал қонақтарды орналастыру орындарының кірісі 27%-ке өсіп, 224 млрд теңгеге жеткен.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Абдулхамит Бөлекбаев, Артур Горшняков.