Ұшақ апаты: оқиға хронологиясы

Болжам бойынша Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына оның құстармен соқтығысуы себеп болуы мүмкін.

Сондықтан экипаж Ақтау әуежайына қонбақ болған. Алайда діттеген жеріне жете алмады. 

Azerbaijan Airlines ұшағы Астана уақытымен таңғы 08:50-де Баку әуежайынан аспанға көтеріліп, Грозныйға бағыт алады. Алайда тура бір сағат өткен соң ол радар бетінен жоғалып кетеді. Сағат 11-де ұшақ Каспий теңізінің үстінен анықталып, орталыққа апат белгісін жібереді. Трекинг картадан оның теңіз үстімен ұшып, Ақтау әуежайына бағыт алғанын көруге болады. ФлайтРадар24 берген мәлімет бойынша ұшақ апат алдында әуежай маңын айнала маневр жасаған. Алайда жарты сағаттан соң  әуе кемесі радардан жоғалып, Ақтаудағы ұшу-қону жолағына жетпей құлайды.

Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 Әуе кемесі қысқа және орташа қашықтықтарға жолаушыларды тасымалдауға арналған. Алғаш рет әуеге 2004 жылдың 12 наурызында көтерілген. Әуе кемесінің ұзындығы 36 метрге дейін жетеді. Ұшақ бортына 114 адамн сыяды.  Жалпы әлемде Embraer 190 ұшақтарының саны 550-ден асады.

Грозныйға бағыт алған ұшақтың апатқа ұшырау себебі тергеу нәтижелерінен белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша ұшақ құстарға соғылып, борттағы оттегі баллоны жарылған болуы ықтимал. Соның салдарынан жолаушылардың біраз бөлігі естерінен танып қалуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Жалпы ұшақтың ішінде 37 Әзербайжан, 16 Ресей, 6 Қазақстан азаматы және 3 Қырғызстан азаматы болған. Бұл деректер әлі де нақтылануда.

Ұшақ құлаған аумаққа бірден құтқарушылар мен жедел жәрдем тобы аттанды. Жалпы саны 60 адам, 11 техникадан тұратын жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл қызметі жұмылдырылды.

Динара Нұрғалиева, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апаттық медицина орталығы филиалының медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетуде, аман қалғандар бар. Зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр, олардың қай елдің азаматтары екені де анықталуда. Сонымен қатар апаттың себептері де тексерілуде. Өрт толықтай сөндірілді.

Ақтауда құлаған ұшақта тірі қалған 29 адам шұғыл түрде облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Оның 5-еуі ауыр жағдайда реанимацияға жатқызылды. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасына 11 мен 16 жастағы екі бала жеткізілді. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Астанадан Ақтауға санавиация аттанды. Оның бортында травмотолог, хирург дәрігерлер бар. Ақтау жұрты ұшақ апатынан зардап шеккендерге қолдау көрсетіп жатыр. Қан орталығына өз еркімен келген тұрғындардың қарасы қалың. Мамандар 250-ден аса адам қан тапсыруға ниет білдіргенін айтады.

Рафаель Сарсамалиев, Маңғыстау облыстық қан орталығының директоры:

- Біз енді төртке дейін қанды қабылдаймыз. Содан кейін өндіреміз. қан орталығы бүгін түінмен жұмыс жасайды. Түнде қанды бере аламыз мекемелерге. қан орталығы дайын, барлық мекемелер қамтамасыз етілген.

Әли Қабақов, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Осындай қиын кезде азаматтық борышымыз деп есептейміз. Осы қан орталығында сол зардап шеккен тікұшақтады бауырларымызға да осындай көмегімізді көрсетейін деп қан тапсыруға келіп тұрмыз. 

Ұшақ апатына байланысты қазір қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша тергеу амалдары басталды. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, Қазақстан тарапынан барлық мүмкін болатын көмек көрсетілетінін атап өтті.

Қуандық Танабас