БҚО-да ауыл шаруашылығында маман жетіспейді
Жұмысшы мамандар жетіспеушілігі, бүгінде ауылшаруашылық саласын тежеп тұр.
Агроном-механик, зоотехник-ветеринарларды айтпағанда техниканы жүргізетін механизатор, төрт түлікті бағатын малшы да табу қиын ауылда. Көп жерде зейнетке жасы жақындаған аға буын амалдап жүрсе, енді бірқатар агроқұрылымдар еңбек мигранттарының жәрдеміне жүгінуге мәжбүр. Тығырықтан шығар жол қайсы?
Алпысты алқымдаған Аяпберген Инбалин ұзақ жылдан бері жеке қожалықта еңбек етеді. Мамандығы - механик. Техниканың құлағында ойнайды. Көктемде жер тырмалап, тұқым шашса, күзде комбаинмен егін орады. Қыс бойы техникаларды жөндеп, жазғы маусымға әзірлейді. Енді санаулы жылдан соң зейнетке шығады. Бірақ орнын басар жастарды әзірге ұжымда көріп тұрмағанын айтады.
Аяпберген Инбалин, механизатор:
- Қазіргі уақытта жастар көп осындай техникаға келмейді ғой. Әсіресе астық саласына келмейді далаға. Механик болып істейді, дилер боп, сервиске кетіп қалады. Біздің уақытта олай болған жоқ. Әкелерімізге көмектестік. Техниканың айналасында жүрдік. Бидай шашқанын, қалай өсіп шығатынын үйрендік, практикамыз бар.
Батыс Қазақстан облысында 10788 агроқұрылым болса, осы кәсіпорындарда 50 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Алайда олардың дені орта жастан асқандар. Жастар қазір ауылшаруашылық саласынан жырақ жүреді дейді мамандар.
Альфия Кинжеева, шаруа қожалық жетекшісі:
- Механизатор жетпейді, механиктер тапшы, инженерлер керек, агрономдар аз. Бір сөзбен айтқанда барлығы да қажет. Мотивация жетпей ме, бұл саладан романтика көрмей ме, ол жағын білмедім. Бірақ адамзатқа азық табатын бұл сала өте қызықты да маңызды.
Ал жас фермер Армат Бисенов болса, ауыл шаруашылығына жастарды тарту үшін оларға тек қол күші деп қарамай, жан-жақты жағдай туғызу керек деп санайды. Тұрмыстық қолайлы жағдаймен қатар, сапалы интернет өткізіп, бос уақытын тиімді өткізуіне мән берген ләзім, - дейді ол. Серіктестік жетекшісі Сұлукөл ауылынан жұмысшыларға 3 үй салып қойыпты, жыл сайын агрофестиваль өткізіп тұрады.
Армат Бисенов, жас фермер:
- Соңғы 4 жылда бізге 12 жас маман келді. Олар тұрақтап қалу үшін жалақы жақсы болу керек бір, командалық рух қалыптастыру керек, екі. Душ, ванна секілді тұрмыстық жағдай өз алдына. Бос уақыттарында фильм көретіндей интернет болу қажет. Ауылды дамыту керек. Дискотека, кинотеатр, спорт үйірмелері болу керек ауылда. Сонымен қатар бізде сандық диспетчер бар. Шаруашылықта кім не істеп жатыр, бәрі көріп тұрады. Бәрінің еңбегі сол бағдарлама арқылы есептеледі. Бұл инновациялық шешім жалақыны есептеуде қателік жібермейді.
Орал өңірінде соңғы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық саласы мамандарына 202 млн теңге бөлінсе, 1716 жұмысшының жалақысы әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасы аясында субсидияланыпты. Бірақ маман тапшылығын түбегейлі шешу үшін бұл шаралар жеткіліксіз, - дейді мамандар.
Серікбол Аюпов, БҚО Ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Мемлекет басшысының соңғы жолдауында атап өткендей жұмысшылар жылы қарсаңында ауылшаруашылық саласында жұмысын атқарып келе жатырған шопандар мен малшыларға зейнеткерлік жасын төмендету бойынша ұсыныстар, әлеуметтік төлемдерді көтеру, қосымша квоталар бөлу шаралары қарастырылуда.
Сонымен қатар мәселені шешу үшін шопан-малшылардың балаларының білім алуына жеңілдіктер қарастырып, ауылдағы тұрғын үй құрылысына субсидиялау нормативін арттырған абзал, - дейді мамандар.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов