Президент маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз етуді тапсырды
«Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді». Қасым-Жомарт Тоқаев бұны банктерге қарата айтты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 2017 жылдан 2020 жылға дейін еліміздің бірқатар ірі банкіне мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қордан 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін еске салды. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілген. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекет иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды.
Президент бүгінде банктер тіпті ол қаржыны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, табыс тауып отырғанын айтты. Осыған орай Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырды. Екінші деңгейлі банктердің ресурстары үкіметтік бағдарламаларға, ірі инфрақұрылымдық жобаларға тартылуы керек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауды тапсырды. Себебі бизнес иелерінің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіріп отыр. «Елде займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет», - деді.