Олжас Бектенов: Қазақстан экономикасы 4,8% өсті
АЭС құрылысын тездету, теміржол инфрақұрылымын дамыту және халықаралық әуе хабын құру. Бүгін Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, осындай міндет жүктеді.
Риат Шони, тілші:
- Биылғы жылдың басты маңызды саяси оқиғаларының бірі – Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Жыл сайын ақпан айына жоспарланатын бұл шара биыл қаңтар айында өткелі тұр. Талқыланатын мәселе, әрине, көп. Ол экономикадан бастап, әлеуметтік салаға дейін. Бұл талқыланатын мәселелердің барлығын халыққа бүге-шүгесіз жеткізу үшін бүгін Үкімет үйіне жүздеген журналист қауым жиналды.
Бектенов бастаған министрлер кабинетіне баға берер күн бүгін. Бір жылда атқарған істің қорытындысын ең әуелі Премьер-министрдің өзі баяндады. Айтуынша, экономика 4,8%-ке өскен. Негізінен жақсы қарқынды ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және өңдеу өнеркәсібі салалары көрсеткен.
Үкімет қосымша құн салығын арттыруды ұсынды
Кей бағыттарда оң нәтиже болғанына қарамастан, экономикалық өсу қарқыны әлі де баяу. Әлеует бұдан да жоғары. «Басты проблема – даму бюджетінің аздығында, - дейді Үкімет басшысы. Сондықтан қосымша құн салығын арттырып, оны төлейтіндер үшін төменгі шекті төмендетуді ұсынып отыр. Ал мемлекет еңбекақы қорының бір бөлігін өздері өтемек жоспарда. Бұл тұрғыда Президент реформа қажет, бірақ оны әлі де болса жіті қарап, талдау керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, шын мәнінде, бұл жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс. Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.
Тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші төмендеген
Үкімет атқарған жұмысты бағамдаған Президент алда әлі атқарар міндеттердің тізбегін жайып салды. Айтуынша, экономиканы әртараптандыру ісі толыққанды атқарылмаған. Сондықтан жаңа өндіріс ошақтарын ашу жұмысына қарқын қосу қажет. Тағы инвестиция тарту жағы да ақсап тұр. Былтыр 9 ай ішінде тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші 36%-ке кеміген. Сол себепті, бұл нарықта бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қалмау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын.
Сирек кездесетін металл кеніштерін белсенді игеру
Президенттің көңілі толмаған тағы бір мәселе – ол ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстарының баяу жүріп жатқандығы. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны активтерді қазынаға қайтарумен қатар жүргізу керектігіне назар аударды. Тағы Үкіметке маусым айының соңына дейін келешегі зор деген орта кәсіпорындардың жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн. Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет.
Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек
Ендігі бір кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселе – ол инфрақұрылым жайы. Энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарыс әлі де ел есінде. Қыстық қақ ортасында жылу станцияларындағы апат салдарынан халық бүрсең қағып қалған кездер болды. Мемлекет басшысы: «Бұндай жағдайлар елдің беделіне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді», - деді. «Қазір аймақтарда коммуналдық шаруашылыққа кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері жауапты», - деп ашық айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл қылмыстың етек алуына негіз болады.
Президент: Алғашқы АЭС құрылысын тездету қажет
«Қазір елде энергия тапшылығы артып келеді. Сол себепті де алғашқы Атом электр станциясының құрылысын тездету қажет», - деді Президент. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп жан-жақты талдау жүргізіп, заманауи және қауіпсіз технологияны анықтауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет пен Парламент екінші ядролық станцияны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық.
Қ.Тоқаев: Суды үнемдейтін технологияларды пайдалану керек
Судың да сұрауы бар. Қазір бұл проблема барша Орталық Азия елдері үшін өзекті. Сондықтан Президент тіршілік көзін үнемдейтін технологияларды пайдалану керектігіне назар аударды. Бұндай озық жобалар көрші Қытай елінде бар. Тіпті тәжірибесімен де бөлісуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын.
Жаңа теміржол құрылысы басталады
Енді көлік-логистика инфрақұрылымы тұрғысында. Транзит-жүк тасымалында Қазақстанның зор артықшылығы бар. Еліміз қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізін қарқынды дамыту үстінде. Осы ретте Президент жаңа темір жол құрылысын бастауға тиісті тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды.
Халықаралық әуе хабы құрылады
Алдағы жылдары ел аумағында халықаралық әуе хабы да құрылмақ. Бұл міндетті Президент Үкіметке шұғыл атқаруды міндеттеді. Яғни, ірі әуежайларды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Себебі, қазір әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 млрд долларға бағаланып отыр. Дегенмен, бұл бағытта бірде-бір отандық комания толық жұмыс істемейтіндігі көңілге қаяу түсіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда, Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек.
Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру – басты міндет
Агроөнеркәсіп кешенінің де әлеутін арттыру – басты міндеттердің бірі. Себебі, қазір қара мұнайға иек артатын кез емес. Мың құбылып тұрған заманда экономиканың өзге де салаларын дамыту аса маңызды. Елде көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі арттырылған. Соның арқасында ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны алға шықты. Енді биыл диқандарған 700 млрд теңге бөлу көзделген. Осы ретте Президент арзан несие малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн екендігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек. Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек.
Жасанды интеллектіні қарқынды дамыту қажет
Бұдан бөлек Президент цифрлық технологиялар жайына да назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев елде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керектігін айтты. Ал жыл соңына дейін оның ұтымды тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Жаппай цифрландыру мәселесінде кибералаяқтардан да қорғану маңызды. Сондықтан Президент азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуді тапсырды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы
Сөзін қортындылай келе, Президент: «Үкіметтің қабылдаған шешімдері, әсіресе, заң тәртібін қамтамасыз ету мақсатындағы шаралар елімізді күстәналауға себеп болмауы керек», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе.
Риат Шони, тілші:
- Ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері. Осылайша, бүгін Президент Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ел экономикасы дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Сондықтан министрлер кабинеті осы аталған ауқымды міндеттерді алдағы 5 жыл ішінде толық орындап шығуы керек. Бұл жұмыстың нәтижесі халықтың әл-ауқатының артқаны болу керек. Су жетпесе – егін шықпайды, нәтиже болмаса – даму да болмайды. Сондықтан Президент Үкімет мүшелеріне ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар басшылық лауазымдарға тағайындалатындығында ескертті.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров. ПТРК. 24KZ