Банктердің мемлекетке көмектесетін кезі келді – Президент

Екінші деңгейдегі банктердің мемлекетке көмектесетін кезі келді. Олардың ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осылай деп шегелеп айтты.

Осыған қатысты Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырды.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Алмақтың да салмағы бар. Демек бұдан бұрындары қысылтаяң шақта мемлекет екінші деңгейдегі банктерге әрдайым қол ұшын созып келді. Енді қазір экономиканың дамуына банктер де өз үлесін қосуы керек. Мәселен, мемлекет 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсеткен. Алайда, банктер ақшасын экономикалық айналымға қосуға асығар емес. Тіпті мемлекеттің иелігіндегі біраз қаржыны қайтармаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр.

Екінші деңгейлі банктер бүгінде «қолы өз аузына жететін» дәрежеде. Олар осыған дейін қаржылық-экономикалық дағдарыстарды мемлекет бөлген демеу қаржының көмегімен еңсеріп келді. Ал қазір бұл ұйымдар қаржылық қиындықтарды өз әлеуеті, өз қаржысы есебінен реттей алады. Саланың «жілігін шағып, майын ішкен» сарапшылар пікірі бұл.

Жанерке Қайратқызы, сарапшы:

- Енді есеп айырысатын уақыт келді деп айтуға болады. Ол банктерде жаңағы өзінің бүгінгі әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып мемлекеттің алдындағы, халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, осы жобаларға да өзі атсалысу керек. Бұл жерде «банктер халыққа жау емес» деген сөзді Президент атап өтті. Әлбетте банктер жау емес, олар біздің қаржылық үлкен институттарымыз, экономикамыздың ажырамас бір бөлігі. Алайда, ол бөлікте бүгінде әлеуметтік жауапкершілікке қарай бет бұру керек деген осындай бір қағидат қалыптастыру керек деп ойлаймын.

Демек, банктердің ақшасын мемлекеттің ірі жобаларына бағыттауға мүмкіндік бар. Сарапшылардың айтуынша, екінші деңгейлі банктер өзін-өзі тығырықтан шығаруға жеткілікті қор жинап алды. Сондықтан олар мемлекет, халық алдындағы жауапкершілігін естен шығара қоймас. Президент те өз сөзінде: «Банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес», - деді. Енді әділ серіктестік орнауға бет бұрар деген үміт басым.