Қосымша құн салығы өссе не болмақ?
Қосымша құн салығын көтеру көптің көңілін күпті қылған басты сауалға айналды.
Салық мөлшерлемесін арттыру арқылы еңбекақы қорына түсетін жүктеме жеңілдейді. Қазына қаржысы 7 триллион теңгеге дейін ұлғаюы ықтимал дейді үкімет басшысы. Расында солай ма? Жалпы қосымша құн салығын көтеру кәсіп иелеріне және қарапайым азаматтарға қалай әсер етеді?
«Қосымша құн салығын көтеруді ұсынамын».
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов
Комментарийлер:
User5678899:
Қосымша құн салығы деген не сонда?
Junior609776
Салықты неге өсіреді?
Barlybai865
Не үшін 20%? Енді тауар бағасы да өсе ме?
Aigerainkar05
Жалақымызға қалай әсер етеді?
Teretiakerke67
Қосымша құн салығын көбейтсе, не болады?
Murat54567
Әр алған затыма қосымша тағы ақша төлеймін бе?
Uzaktaykaraboi
Кәсіпкердің бәрі бұл салықты төлеуге міндетті бола ма?
Назым Қайрат, тілші:
- Жоқ, барлығы емес. Әзірге жылдық тауар айналымы 78 миллион теңгеден асатын кәсіпорын ғана аталған салық түрін төлеуге міндетті. Бірақ, үкімет ұсынған өзгеріс күшіне енсе, бұл меже 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Қосымша құн салығына қатысты ұсынылған басқа да өзгерістерді қазір қарапайым тілмен біртіндеп тарқатамыз. Алдымен, қосымша құн салығы дегеніміз не, ол қалай есептеледі? Сауалдарымызға жауап алу үшін экономист маманның пікіріне жүгінейік.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
«Қосымша құн салығы дегеніміз – ол тауарлар мен қызметтердің сатылуынан алынатын салықтың түрі. Мысалға, бір өнімді сататын болса немесе қызметті көрсететін болса, сол өнімге кеткен шығындардың барлығы есептеліп, ол ең соңғы тұтынушының қалтасынан алынатын дүние.»
Мәселен, белгілі бір тауардың құны 1000 теңге деп алар болсақ, қазіргі 12 пайыздық қосымша құн салығымен есептегенде тұтынушы оны 1120 теңгеге сатып алады. Бұл жердегі 120 теңгені кәсіпорын салық ретінде мемлекетке төлейді. Демек, қосымша құн салығының көрсеткіші тауар бағасының құбылуына тікелей ықпал етеді. Бірақ...
Бауыржан Ысқақ, экономист:
«Ол тікелей менің немесе сіздің жалақыңызға қатысы жоқ. Біздің жалақымыздан алынатын салық түрі – жеке табыс салығы қалай береді, қосымша құн салығы тікелей әсерін тигізбейді. Бірақ, ол жалпы әлеуметтік фактор болып табылғандықтан, яғни біз кәсіпорындардан тауарды сатып алу кезінде қосымша құн салығы өскен сайын біздің төлем қабілеттілігімізге ол кері әсерін тигізеді.»
Бейбіт Күлшікбаева, кәсіпкер:
«Мысалы, осы 6300-ден басталған жейде 7500 болады. Бізде көбінесе көп балалы ата-аналар. Олар бір алғанда баласына 60-70 мыңға алады. 4 балаға білесіз бе қанша мыңға алады? Енді ойлай беріңіз. Қазір айтып жатыр ғой, 12-ден 20-ға өсіреміз деп. Ондай емес, басқа жағын қарастырса, пайдалы болуы мүмкін.»
Ұлттық экономика министрінің сөзінше, салықтың бұл түрін көтеру 4 пайыз шамасында қымбатшылықты туғызуы мүмкін. Бірақ, оның орнына кәсіпкерлерге дәл сондай мөлшерде әлеуметтік қолдау көрсетілмек.
Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары:
«Негізгі мақсат – ол тек қана бюджетті толтыру емес, ол жалпы салық жүйесін, қосылған құн салығының атына затын сай келтіру. Бизнестің тауар өндіргендегі жүктемесін төмендете отырып, экономикадағы ашықтықты қалыптастыру.»
Дей тұрғанмен, экономист Бауыржан Ысқақ салық мөлшерлемесін көтеру ашықтықтан гөрі көлеңкелі кәсіптің дамуына түрткі болуы мүмкін деп топшылап отыр.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
«Өйткені, салыққа салынатын база көбейген сайын қосарланған бухгалтериямен көлеңкелі экономиканың элементтерін пайдалануы мүмкін. Сол үшін мемлекет қосымша құн салығын көбейте отырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға немесе сол бизнес ортаны дамытуға, жақсы климат қалыптасуына жағдай жасатын болса, онда ол өзін-өзі ақтайды.»
Назым Қайрат, тілші:
- Ұлттық экономика министрлігі мамандарының сөзіне сенсек, қосымша құн салығынан бюджетке түсетін қаржы шағын және орта кәсіпті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады. Су қоймаларын салу, экологиялық мәселелерді оңтайландыру тетіктеріне де бағытталмақ. Әзірге аталған салықтың нақты қанша пайызға көбейетіні, жылдық тауар айналымы қанша есе төмендейтіні белгісіз. Салық төлемі кәсіп иелеріне, тұтынушыларға барынша тиімді болуы үшін ұсыныс жан-жақты талқыға түседі. Нақты сандар ақпан айының ортасында анықталады деп күтілуде.
Назым Қайрат, Жарқын Өркен