Қостанай облысында өтімді дақыл егуге ден қойылады

Қостанай облысында былтыр 7 миллион тоннаға жуық астық жиналды.

Алайда шаруалар сол мол ырыстың ырыздығын көре алмай отыр. Өйткені нарықтағы бидай бағасы тым төмен. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы жәйтті атап өтіп, табыс әкелетін дәнді дақылдарға көшу керектігін тағы бір ескертті. Және шикізатты сақтап, оны терең өңдеу мүмкіндігін арттыруды тапсырды. Қостанай облысында осы міндет үдесі аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тілші репортажы.

Бүгінде шаруалардың бар мәселесі бағаға келіп тіреліп тұр.Бидайдың қазіргі құны кеткен шығынды ақтамайды-дейді олар.  

Марат Ахметов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Қостанай филиалының төрағасы:

- Бүгінгі күні шарт корпорациясы болсын, мынау алған диірмендер болсын ең сапалы бидайлар 75-80 мың тенге әрі кеткенде. Ал енді бір гектарға шаруалар жаңа технологиямен, жаңа тыңайтқыш салғандар 120 мың тенгеге дейін кетеді шығыны бір гектарға. Сол жерден санағанда минусқа кетіп жатыр.

Егіншілікті әртараптандыруға қостанайлық диқандар да мүдделі. Соңғы он жылдың ішінде өңірде майлы дақылдар көлемі екі есеге өскен. Бидайға қарағанда бағасы қымбат болғанымен, күнбағысты күтіп, баптаудың, оны өткізудің машақаты аз емес. Қазір оны экспортқа шығара алмай отыр. Ал өзіміздегі өндіріс орындары бар өнімді өңдеуге үлгіре алмайды. Сондықтан Президенттің елімізде шикізатты терең өңдеу мүмкіндігін арттыру керек деген тапсырмасын шаруалар түсіністікпен қабылдады.        

Марат Ахметов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Қостанай филиалының төрағасы:

- Шетелге күнбағыс шығарсаң квота 100 Евро. Бүгінде 100 Евроң 56 мың тенге. Бүгін 170 тенге, 165 тенге болса бағасы, егер квотаға 50 мың тенге төлесең әр жағында қалатыны жоқ. Сол себептен өзіміздің өндірушілерді күтіп отырмыз. Әлгі шетелге шығарғызбайды, өзімізде өндіреді деп, өзіміздің өндірушілердің, май істейтіндердің оборотный ақшалары жоқ.

Өткен жылы өңірде іске асқан ірі жобалардың бірі бұршақ дақылдарын өңдеу фабрикасының ашылуы. Кәсіпорын халықаралық түрік холдингінің инвестициясына салынды. Мұнда бұршақ, ноқат, қызыл және жасыл жасымық сияқты бұршақ дәнділердің төрт түрі өңделеді.

Нұрлан Есетов, Бұршақ дақылдарын өңдеу фабрикасының директоры:

- Біз 170 мың тонна тауар шығаратын болатынбыз жылына. Біздің ең басты фирмамыз Турцияда орналасқан. Сол себепті біздің шығаратын өнімдерді дүниенің жан-жағына таратуға мүмкіндігіміз бар.

Бұдан бөлек облыста ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Ғазиз Ахметчин, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Алдағы үш жылда ірі түрік холдингін тарта отырып, толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу мақсаты тұр. Сондай-ақ Қостанайда бидайды терең өңдеу зауыты бой көтереді. Ол әлемде үлкен сұранысқа ие глютен, крахмал, биоэтанол және лизин сияқты бірегей өнімдерді шығарады.

Қостанай облысы бойынша 2027 жылға дейінгі инвестициялық жобалардың пулы жасалған. Оған 383  миллиард тенгеге бағаланған 93 жоба еніп отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг