Жамбыл облысында шаруалардан субсидияларын қайтаруды талап еткен

Жамбыл облысының ауыл шаруашылық басқармасы 2020 жылы шаруаларға бөлінген 377 млн теңге субсидияны кері қайтаруды талап еткен. 

Себебі аймақтағы ревизиялық комиссия сондай нұсқама беріпті. Дегенмен, қожалық иелері мал басын асылдандыруға берілген қаржыны заңды алдық, - деп отыр.

Есбол Әкетаев басқаратын мекеме 50 жылдан бері асыл тұқымды меринос қойын өсірумен айналысады. Қазір шаруашылықтағы төрт түлік саны 20 мыңға жуықтады. 2020 жылы мал басын асылдандыру үшін мемлекетен 65 миллион теңге субсидия алады. Бірақ бір апта бұрын сол қаржыны мемлекетке қайтару туралы хабарлама келіпті.

Есбол Әкетаев, шаруа қожалығының басшысы:

-Жылда істеп жүрген шаруашылықтар. Барлығында ИСЖ ЕАС программаларынд амалдары тіркелген. Не керек енді оларға? Бәрін тексеретін болса, ветеренариадан барып тексерсін. Барлық тізімі тұр. Малы орнында тұр. Жалақысын төлеп жатыр жұмысшылардың шабандардың. Ешкім ойнап жүрген жоқ. Жыл 12 ай көшеді кетеді. Қанша транспортировка дизельдің бензиннің қанша қымбаттап жатқанын ескеріп жатқан жоқ. Санайтын болсақ ол ақша түкке тұрмай қалады.

Өңірдегі 189 шаруаға субсидия қаржысын қайтару туралы хат келген. Ревизиялық комиссия соңғы 4 жылда төленген қаржының бәрін тексере келе, субсидия беру тәртібінің бұзылғанын анықтапты. Жалпы көмек қаржыны алу үшін өтінімдер 1 қаңтар мен 20 желтоқсан арасында қабылдануы тиіс. Бірақ 377 миллион теңгені алған шаруалар өтінімін 25-31 желтоқсан аралығында өткізген. Бұған 2020 жылы пандемия салдарынан базаның дұрыс жұмыс істемей, қожалықтардың уақытылы өтінім беріп үлгермеуі себеп. Сондықтан салалық министрлік өтінім қабылдауды қайта ашқан.

Нұралы Еркебаев, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

-Ауыл шаруашылық министрінің хаты бар. Заявкаларын бере алмаған шаруалар үлгеруі үшін 25 пен 31-інің арасында қабылдауды рұқсат етілген деген. Бұл жерде мен айтайын дегенім ауыл шаруашылықтарының берген заявкасының кемшіліктері жоқ. Сондықтан өзіміздің палата атынан санайтынымыз, 20-жылғы пандемия болған кезде базалар дұрыс істемегеннен кейін шаруашылықтарға үкімет көмектесеміз деп рұқсат берілген нәрсе болғаннан кейін, шаруалар заявкаларын берді. Қабылдаған заявкалары заңды деп санаймыз.

Ревизиялық комисия мүшелері туындаған мәселені түсіндіруден бас тартты. Шаруалардың шағымы кәсіпкерлер палатасында қаралды. Құжаттар мен өтінімді зерделеген прокуратура өкілдері қаржының қайтарылмайтынын мәлімдеді.

Абай Алтаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Процедурный бір моменттері бар өзінің. Дегенмен бүгінгі күнде ол шаруалардың оған кінәсі жоқ қой. Шаруалар ол жұмыс атқарып жатқан адам мысалы ше. Ол процедурный моменттің бәрін түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан біз ол ақшаны мысалы қайтадан олардан қайтарып алуды тиімсіз деп және заңсыз деп таныдық.

Шаруалардың әуре-сарсаңға салған коммисия өкілдері тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін, дейді прокуратура мамандары. Жалпы биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына 22,5 миллиард теңге субсидия бөлінген. Оның 5 миллиардтан астамы мал шаруашылығына берілмек.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә