Елімізде көмірге сұраныс азайып келеді

Жалпы елде көмірге сұраныс азайып келеді.

Былтыр 108 млн тоннасы өндірілді. Бұл алдыңғы жылдан 2,5 пайызға аз.

Құзырлы министрлік бұған қарқынды газдандыру үдерісінің әсер еткенін айтады. Бастысы, халыққа қажет отын қоры бар. Ал жеткізуде кедергі жоқ па? Баға қандай?

Көмір құнына не әсер етеді?

- Бір жылда қатты отын құны он пайызға өскен. Бұған делдалдардың да ықпалы бар дейді сарапшы. Өйткені көмір разрездері бекіткен баға 7100 бен 9000 теңге аралығында. Алайда халыққа жеткенше бір тоннасы 8000 мен 35000 тг дейін барады.

Сарапшы бағаға тасымалдау ара қашықтығы, теміржол тарифтері, өзге де қызметтер кіретінін ескертті. Елдімекенде тұйықтардың бар-жоғы, сондай-ақ көмірдің түрі мен сапасы бағаға әсер етеді. Алыпсатарлар да аянып қалмайды. Елде көмір құны бақыланбайды, бірақ бағаны негізсіз өсірген жеткізушілерге жаза қарастырылған.

Жанат Игісінов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы:

- Жобалап айтқанда, егер 10 мың теңгенің 17 пайызы арендаға кетеді, сосын теміржолдың тарифтеріне кетеді. ол да қосылады. Сосын барып, тұйыққа келгеннен кейін, тұйықтағы қызмет көрсететін адамдар бар, олардың техникасы бар соған байланысты ол көтеріліп отырады.

1 тонна көмір бағасы:

Майкүбі – ₸7100

Шұбаркөл – ₸8000

Қаражыра – ₸8800

Шұбаркөл премиум – ₸9000

Газдандыру үдерісі көмірге сұранысты азайтты

Былтыр елде 108 млн 500 мың тонна көмір өндірілді. Бұл алдыңғы жылдан 2,5 пайызға төмен. Министрлік өкілі ішкі сұраныс пен экспорттың азайғанын айтады. Дегенмен,  тұтынушылар қажетті отынмен қамтамасыз етілді. Ал жылу және электр беру стансаларына 65,7 млн тоннасы таратылды. Өндіріс орындарына 6 млн тонна көмір жеткізілді. Экспорт көлемі 29 млн 500 мың тоннадан асты. Негізгі тұтынушылар Батыс Еуропа және Азия елдері. Өнеркәсіп комитетінің басқарма басшысы Жанат Игісінов бара-бара көмірге деген сұраныстың азая беретінін айтады. Қазірдің өзінде Алматы облысында қажеттілік айтарлықтай төмендеген. Бұған халықты көгілдір отынмен қамту ықпал етті.

Жанат Игісінов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы:

- Алматы облысы мысалы. Ол жерде Кеген, Еңбекшіқазақ ауданында көмірге сұраныс былтырғыдай емес, сәл бәсеңдеді. Былтыр олар 960 мың болатын болса, биыл 715 мыңдай тонна болып отыр. Өндіріс орындарында да сондай. Әсіресе оңтүстік өңірлерде газдандыру жүріп жатыр. Сондықтан оларда да сұраныс төмендеді. Тіпті Астанада бірнеше үй газға көшкен, сондықтан Астананың өзінде де, іргелес жатқан ауылдарда да төмендеді.

Көмірді терең өңдеу керек

Иә, еліміз алдағы 40 жылда көмірді отын ретінде пайдалануды шектейді. Арнайы жұмыс тобы да құрылып, жол картасы әзірленді. Олар қатты отынды терең өңдеу мүмкіндіктерін пысықтап жатыр. Бұған дейін Шұбаркөл кен орыны аумағында кокс зауыты іске қосылды. Онда көмір майы мен смоласын өндіріп, нарыққа шығару көзделеді. Сондай-ақ белсендірілген көмір өндіру де жолға қойылады.