Мәжілісте Азаматтық қорғаныс жөніндегі заң жобасы қаралады
Алда-жалда апат бола қалған жағдайда халыққа бірінші болып қол ұшын созатын азаматтық қорғаныс саласының сарбаздары. Елде бұл салада 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Антқа адалдық танытамын деп, көп жағдайда өз басын қауіпке тігетін мамандық иелерін толғандырған мәселе аз емес. Ертең Мәжілісте араға 10 жыл салып, Азаматтық қорғаныс жөніндегі заң жобасы қаралады. Жаңа құжатта қандай маңызды мәселелер қамтылған?
Қырағылық пен шапшаң әрекет ету. Төтенше жағдайлар саласында еңбек ететін әр маман үшін бұл бұлжымас қағида. Қазір бұл салада 20 мыңнан астам адам тер төгіп жүр. Олар елдегі түрлі апаттар мен оқыс оқиғалар кезінде бірінші болып жәрдем танытады. Әсіресе су тасқыны кезіндегі көмегін ел біледі.
«Заң жобасындағы басты жаңалық – құтқарушыларды баспанамен қамту мәселесін реттеу. Себебі әскерилер секілді жауапкершілік жоғары болғанымен, әлеуметтік қолдау жайы кемшін қалып отыр», – дейді мамандар.
Дәурен Сабыраев, ҚР ТЖМ кадр және тәрбие жұмысы департаментінің басқарма бастығы:
- Бұл нормалар Үкіметтен қолдау табылып, осы заң жобасы шеңберінде қарастырылып отыр. Яғни тұрғын үй төлемдері дегеніміз тұрғын үйге мұқтаж қызметкерге ай сайын арнаулы шоттарына, оның өзіне, оның отбасы мүшелеріне ақшалай төлем төлеу болып табылады. Жиналған ақшаны тұрғын үй сатып алуға немесе ипотека рәсімдеуге немесе жалдама пәтер құнын төлеуге немесе киін сатып алатын жалдама пәтерге төлеуге құқылы болып саналады.
Жауаптылардың айтуынша, осы арқылы азаматтық қорғаныс саласындағы 10 мыңнан астам адамның басты мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қызметтік құзыретін біршама кеңейту қарастырылған. Айталық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қорытынды беруді министрлік қайтадан өз міндетіне алуды көздеп отыр. «Себебі елде бұған қатысты заңбұзушылық жиі тіркеледі», – дейді. Бұл халық көп жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға қатысты болмақ.
Сәуле Ахметқызы, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқарма бастығының орынбасары:
- Бұл жерде авторлық қадағадау, техникалық қадағалау, бас мердігер және тапсырыс беруші – 4 тарап қана қатысып, өздері қабылдап, актіге қол қояды. Мемлекеттік органдардың қадағалауынан тыс қалғандықтан, талаптар сақталмай, бұзушылықтарға жол берілген себептері анықталып жатыр. Біз бұны өкінішке қарай, өрт шыққан кезде ғана анықтап жатамыз.
Сондай-ақ ендігіде меншік иелері ЭКСПО сынды әмбебап құрылыстардың техникалық шарттарын өкілетті органмен келісуі міндеттелуі мүмкін. Бұл шаралар айтып келмес апаттың алдын алуға бағытталған. Қауіпті һәм жауапты қызметте жүрген азаматтардың бас амандығы да депутаттарды алаңдатып отыр. «Ал үлкен өндіріс орындарында әскериленген тау кен құтқарушыларының жасағын құру – қайнауы жеткен мәселе», – дейді олар.
Ерболат Сатыбалдин, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:
- Соңғы үш жылда елде 4406 адам жұмыс орнында жарақат алса, былтыр 131 адам қаза тапты. Біздің ойымызша, өте қауіпті жұмыс орнында тексерістер жүзеге асып тұруы керек. Президентіміз айтты ғой, заң мен тәртіп және өзекті мәселе – әскериленген тау-кен құтқарушылары. Бұрынғы уақытта бұл үлкен өндіріс орындарында міндетті болған. Кешегі Қарағандыда көміп шахтасында болған үлкен апаттарда сол әскериленген құтқарушылардың қажеттілігі туындады.
Бұдан бөлек, сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты Төтенше жағдайлар министрлігіне үйлестіруші орган мәртебесін беру жоспарланып отыр. Жалпы жұмыс тобы өкілдерінің сөзінше, азаматтық қорғаныс заңына кейінгі 10 жылда түзету енгізілмеген. Саланың жұмысына серпін беруі тиіс заң жобасы ертең Мәжілістің бірінші оқылымында қаралады.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров.