Junior Eurovision-2021: қазақстандық өнерпаздар сегізінші орыннан көрінді

«Балалар Евровидениесі-2021» байқауында бірінші орын армениялық Малена есімді өнерпазға бұйырды. Ал қазақстандық Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беруі нәтижесінде сегізінші орынды иеленді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бекнұр мен Әлинұрдың сахнадағы нөмірі өте әсерлі. Қойылым авторларының идеясына сәйкес ағасы інісін «Ертегі әлеміне» жетелеп, ғажайыпқа сенуге шақырады. Байқауды көрермендермен қатар 3 кәсіби музыкант пен 2 баладан құралған қазылар алқасы таразылады. Қазақстандықтар ресейліктерді мықты деп тауып, 12 ұпайын соларға берсе, ресейліктер біздің елді қолдады.

Дауыс тек 19 қатысушы елден ғана емес, 200-ге жуық мемлекеттен түскен. Жеңімпаз ел Арменияның өкілі Малена 14 жаста. Ол байқауда өткен жылы бағын сынап көруі тиіс болатын, бірақ елдегі саяси жағдайға байланысты қатыса алмаған. Бекнұр мен Әлинұрдың көңіл-күйі сәл бұзылғаны рас. Бірақ халықаралық деңгейде өнер көрсетудің өзі жеңіс екендігін олар түсінеді.

Әлинұр Хамзин, байқауға қатысушы:

– Мен білемін және сеземін. Олар сияқты жоғары деңгейде екенімді. Бірақ осы жылы конкурс ойдағыдай әділ шықты. Мен өте қуаныштымын.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Бір ғасырға жуық уақыт бұрын Әміре Қашаубаев Парижде өткен ЭКСПО көрмесі аясында еуропалықтарды қазақ фольклорының қуатымен қайран қалдырғаны белгілі. Бұл феномен бүгін де қайталанды. Бұл жолы сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар бала басқалармен бірдей сахнада өнер көрсете алатындығы дәлелденді.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

– Ең бастысы біз «Балалар Евровидениесінің» даму тарихына жаңаша серпін бердік деп ойлаймын. Біз үздіктер қатарында болдық, бірақ бәсекелестер де қалыспауға тырысты. Одан бөлек біз туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Қазақстан өзінің әлеуметтік миссиясын орындады. Мұның өзі жетістік.

Қазақстанның бұл байқауға биыл төртінші рет қатысуы. 2018 жылы Данелия Төлешова алтыншы орын алды. Ол кейін бірнеше халықаралық шоуларда өнер көрсетіп, музыкалық лейблмен келісім-шартқа отырды. 2019 жылы Ержан Максим екінші орынды иеленді. Ресейлік композитор Игорь Крутойдың мектебін бітірген соң ол елге оралып, дарынды балаларға арналған «Шабыт» мектебінде оқып жүр. Өткен жылы екінші орын алған Қарақат Башанова қазір Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттың оқушысы.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...