Ақтаулық шабандоз қыз Татьяна
Шабандоз болуды Татьяна Макаркина бала кезінен армандаған.
7 жасында ерге қонған. Облыстық, республикалық бәйгеде бірнеше рет топ жарды. Атшабысқа тек ер балалар қатысатын болғандықтан «Төлеген» деген есіммен өнер көрсеткен екен.
Татьяна Макаркина, шабандоз:
- Бала шағымда салмағым 30 келіден аспайтын. Жылқы малын ес білгелі жаным сүйеді. Ешқашан қорыққан емеспін. Есейе келе қыз қууға қатыса бастадым. Қазірдің өзінде сүйікті ісімнен қол үзгенім жоқ.
27 жастағы қыз 10 жыл бұрын кәсіп ашқан. Қазір қала сыртындағы шағын қорада 9 жылқы ұстап отыр. Асыл тұқымды Қамбар ата төлін Англия, Әзірбайжан, Голландия мен Ресейден алдыртқан. Тұлпарлар отбасылық салтанатты рәсімге, Каспий жағасында серуендеуге жалға беріледі. Кейбірі қазақстандық әншілердің бейнебаяндарына түсті.
Татьяна жеткіншек шағында ата-анасынан айырылған. Кәмелет жасына балалар үйінде жүріп толғанын айтады. Колледжге түсіп аспаздық өнерді үйренеді. Көп ұзамай бизнеске бет бұрып, жастарды ата кәсіпке баулуды қолға алады. Ангелина Сухорукова көп шәкіртінің бірі. Ол «Ақтау» деп аталатын жылқының күтіміне жауапты.
Ангелина Сухорукова, қала тұрғыны:
- Жұмыс сенбі мен жексенбіде таңғы 09:00-де басталады. Маған тапсырылған жылқыны баптау, жем беру кешке дейін жалғасады. Қалған күндері колледжде оқимын. Тапқан табысымды жинап жүрмін. Асыл тұқымды ат сатып алып, ұстазымның жолын қусам деймін.
Шабандоз Татьяна Макаркинаның ендігі мақсаты - әйгілі Ахалтеке жылқысын сатып алу. Сондай-ақ Ақтауда ипподром ашып, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін емдік серуен курсын ашуды жоспарлап қойған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев