Ақмола облысында жауапсыз мердігер тұтас бір ауылды ауызсусыз қалдырды
Ақмола облысындағы Үлгі ауылының мыңнан астам тұрғыны ауыз судан тапшылық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыдан 2 жыл бұрын елді мекенге су құбырын жүргізу басталып, бірақ құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған. Жергілікті билік бұған жауапсыз мердігерді кінәлайды. Қазір ауылдың әр жері қазылып, астаң-кестеңі шығып жатыр. Мәселе қашан шешілмек?
2 жыл бұрын су құбырын жүргізу жұмыстары басталған кезде тұрғындар қуанған еді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Жұмыстың 40%-ін ғана орындаған мердігер барлық техникасын жинап кетіп қалған. Қазір бүтін бір ауыл жалғыз құдықтан су ішіп, жан бағып отыр.
Қайырбек Сұлтанғазин, Үлгі ауылының тұрғыны:
- Ауылда бір ғана құдық бар. Сол құдықтан халық су ішіп жатырмыз. Былтыр 2 жыл қуаңшылық болды ғой. Сол кезде су мүлдем кетіп қалады. Сол кезде кімнің үйінде «скважина» бар. Сол үйден ақшасына болсын, былай су аламыз.
Мердігер жұмысты аяқсыз қалдырғанымен қоймай, ауыл ішін астаң-кестең қылып кеткен. Көшелерді қазып тастаған, топырақ үйінділерін тазаламаған.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Үлгі ауылындағы қазіргі көрініс осындай. Мердігер компания бастаған істі аяқсыз қалдырған. Ал су құбырын тартамыз деп қазылған үңгілерден құлап өлген малдың өлекселерін де көруге болады.
Үлгі ауылындағы аузсумен қамту жұмыстарына республикалық қазынадан 551 млн теңге бөлінген. Жауапсыз мердігер соның 200 млн теңгеден астамын ғана игерген. Қазір қос тарап соттасып жатыр.
Бақтияр Мұстафин, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Осы жағдайларға байланысты біз шартты біржақты тәртіппен бұзуға мәжбүр болдық. Ақмола облыстық сотына арыз бердік. Алғашқы сот отырысында біздің арызымыз қайтаралып жіберілді. Себебі біз жұмыс тоқтаған 30 күн ішінде жүгінуіміз қажет болған. Қазіргі уақытта сотқа қайта арыз жібердік. Сондай-ақ жобаны қарастырып жатырмыз.
Жалпы облыс бойынша осындай жауыпсыз 3 мердігер ұйым анықталған. Үлгідегі суға жауапты компанияның өзі аймақтан бірнеше жобаны ұтып алғаны белгілі болды.
Самира Тәйтенова, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының сарапшысы:
- Одан бөлек, сол мердігерде Ақмола облысының Ерейментау мен Есіл аудандарындағы ауылдарда су құбырын жөндеу жұмыстары бар. Өкінішке орай, соңғы 3 жылда сол жобалар жүзеге асырылмай, осы мердігер «жосықсыз медігер» болып табылады. Тиісті сот шешімі де бар. Одан бөлек, Ақмола облысындағы 2020-2021 жылдары жүзеге асырылу тиіс 10-ға жуық жобаның 50%-і ғана орындалып, толық жүзеге асырылған жоқ.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 30-ға жуық ауылға ауызсу құбыры тартылып жатыр. Бірақ жауапсыз мердігер салдарынан алтауында жұмыс тоқтап тұр. Ал кей жоба құрылыс материалдарының қымбаттуына байланысты қайта қаралып жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкарко.