ERG Ертіс өңірінде өнеркәсіптік туризм бағытын ашты

ERG компаниясы Ертіс өңірінде өнеркәсіптік туризм бағытын ашты.

Бұдан былай шетелдік және отандық туристер отандық алюминий өндірісімен жақынырақ танысып, аймақтағы алып өндіріс ошақтарына экскурсия жасай алады. Негізгі мақсат –  өндірістің әлеуетін көрсетіп, өңір жұртшылығының онымен етене танысуына мүмкіндік ұсыну. 

Экскурсия Павлодар алюминий және Қазақстан электролиз зауыттарын қамтиды. Туристер «қанатты метал» өндірісінің әр сатысы мен технологиялық процесстермен тереңірек танысады.

Айтуған Ахметов, Павлодар алюминий зауытының директоры:

- Глинозем өндірісінің негізгі төрт тізбегін белгілеп алдық. Олар – шикізат дайындау, алюминий тотығы алынатын күйдіру, негізгі гидрометаллургиялық цехтар. Өндіріс орындарында боксит өңделеді. Нәтижесінде жоғары сапалы тауарлы глинозем алынады.

Бұл үрдістерді туристер өз көзімен көре алады. Мәселен, гидрометаллургиялық цехтағы пештің температурасы 1450 градусқа жетеді. Бұл жерде өндіріске қажет шикізат – глинозем алынады.

Анатолий Дунаевский, Павлодар алюминий зауыты

гидрометаллургиялық цехтың учаске бастығы:

- Бұл цехта алюминий оксиді алынады. Бұл шикізат электролиз зауытына тасымалданады, кейін қанатты металлдың өзі өндіріледі. Ал дайын өнім алыс-жақын шетелге жөнелтіледі.

Экскурсия бағдарламасы өндіріске қатысты маңызды мәліметтерге қанық. ERG-дің бұл кәсіпорындары бір жылда 1,4 млн тонна глинозем мен 250 мың тонна бастапқы алюминий шығарады. Павлодарлық «қанатты металл» әлемнің ондаған еліне экспортталады.

Ренат Қапанов, "ҚЭЗ" АҚ алюминий электролизі цехының қызметкері:

- Таныса алады мына технологиялық процесспен, және де жұмыс істеп жатқан кісілермен, металлургтермен сөйлеседі. Қандай жұмыс кіреді, өз көзімен көргендей. Қазақстан елінде осындай алюминий шығарып жатқанның дәрежесін көре алады.

ERG елдегі алғашқы өнеркәсіптік турмаршрутты екі жыл бұрын іске қосқан. Туристер үшін бірінші болып Ақтөбе ферроқорытпа зауыты есігін ашты. Енді Павлодар облысының да бірегей өндіріс ошақтарын көруге мүмкіндік бар. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков