ШҚО Бұқтырма кентінде мектеп құрылысы қашан басталады?
Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма кентінде жалғыз қазақ мектебінің құрылысы әлі басталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Біздің тілшілеріміз осыған дейін ондағы ескі білім ордасының мүшкіл жағдайын баяндаған еді. Сыз басып сөгілген қабырғалар, тар дәліз, күңгірт тартқан сыныптар. Мектеп оқушылары 50 жыл күрделі жөндеу көрмеген осындай балабақша ғимаратында оқып келеді. Салалық басшылар биыл заман талабына сай жаңа мектеп салынады деп мәлімдеді. Тіпті жер де бөлініпті. Бірақ онда әлі ешқандай жұмыс басталған жоқ. Бұған жергілікті жұрт алаңдап отыр.
Бұл ғимараттың ішінде 200-жуық қазақ баласы оқып жүр. Кезінде балабақша ретінде салынған. Мектеп деуге ауыз бармайды. Әбден тозған. Тек мұғалімдердің күшімен қалқайып тұр.
Шұрық тесікті жамап бітпейсің. Тіпті мұғалімдер Ұлы ақынның картинкасымен қопарылған қабырғаны жасырып қоюға мәжбүр.
Оқушылар мен ұстаздар үзілісте дәлізге бір демде шыға алмайды. Өйткені сыймайды. Сондықтан не далада, не сыныпта отыруға тура келеді.
Ерлан Жанпейісов, мектеп директоры:
- Үзілісте серуендейтіндей жағдай жоқ, өйткені балабақша болғандықтан, дәлізі өте тар, сондықтан да жыл 12 ай карантиндегі сияқты сыныптың ішінен шықпайды. Балақбаша болғандықтан, спорт залы жоқ, 500 метрдей жерде көршілес спорт мектебі бар, оған бару үшін біздің балалар негізгі автожолдан кесіп өтеді.
Жұрттың жанайқайы ақыры жауапты орындардың құлағына жетіп, биыл жаңа мектеп құрылысы басталатын болды. Жер де бөлінді. Алайда онда әлі бірде-бір техника келмеген. Бұл ата-аналарды тағы алаңдата бастады. Ескі мектептің ызасы әбден өткен Бақытбек Ташарбаев «Жаңа білім ордасы тездетіп салынбаса, ертең бұл кентте бір қазақ қалмайды» деп ашынады.
Бақытбек Ташарбаев, Бұқтырма кентінің тұрғыны:
- Айтылып қалып қалмаса екен, бәрі қорқып отыр енді, осы қазақ мектебі керек бұл жерге, әйтпесе қазақ өнбейді осында, көше береді, көше береді, қиын болады қазақ балаларына, ал былай қазақ балалары бәрі жақсы оқиды мұнда.
Білімқұмар жеткіншектер де мектеп салынатын жерден жиі өтеді. Көңілдерінде күдік те үміт те бар. Барлық жағдайы қарастырылған жайлы білім мекемесін армандайды.
Рустам Рүстемов, оқушы:
- Мектеп қазіргі заманға сай, Қазақстанымызда осындай мектеп бар деп мақтанышпен айтатындай осы ауылымызда мектеп болса екен. Оқушылар да, мұғалімдер де өте жақсы. Келешекте үлкен-үлкен орындардан көрініп, елімізді жақсы жақтан танытамыз деген ойдамын.
Құрылыс басқармасы болса, алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Өйткені осы күнге дейін 200 орындық жаңа мектептің жобасы әзірленіпті. Оның мемлекетік сараптамадан өтуі тағы уақыт алған. Мердігер компания да енді анықталады.
Саят Тойкенов, ШҚО Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:
- Жалпы жұмысы басталған жоқ, өйткені конкурс жұмысы жүргізіліп жатыр, оның аяқталуы 20 маусымға бекітілген. Сметалық құны – мектеп бойынша 1 млрд 970 миллион теңге. Аяқталу уақыты – 1 тамыз, 2024 жыл.
Сонымен жақында осы жерде сәнімен сапасы келіскен білім беру нысанының құрылысы басталады. Қазақ мектебінің ұжымы жаңа ғимаратқа көшетін күнді асыға күтіп жүр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.