Талдықорған - Өскемен жолының құрылысы 2024 жылы аяқталады
Құрылысы ұзаққа созылып кеткен «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен», «Қалбатау - Майқапшағай» бағытындағы тас жолдар келесі жылы пайдалануға беріледі.
Абай облысына жұмыс сапарымен келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осылай деді. Ведомство басшысының айтуынша, алдағы уақытта Ақтөбе облысында битум зауыты салынады. Бұл еліміздің құрылыс саласындағы битум тапшылығын жоюға септігін тигізеді. Ал жаңадан құрылған Абай облысының инфрақұрылымын нығайту үшін ауқымды жобалар іске асып жатыр. Министр жұмыс сапары аясында Семей тұрғындарымен кездесіп, өңір халқын толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Су саласының өзіне 15 миллиард теңге қаржы бөлініп, 39 жоба іске асырылып жатыр. Жылу саласына 3 жарым миллиард қаржы қарастырылып, 7 жоба іске асырылып жатыр. Сол жобалардың тиімді атқарылып жатқанын қадағалау, екінші халықпен, елмен-жұртпен кездесіп, халықтың көкейіндегі мәселелерді талқылау. Соған орай министрліктегі барлық комитет басшылары бірге болды.