Петропавлда аула сыпырушы ауланы адам танымастай өзгерткен
Ал Петропавлда аула сыпырушы көпқабатты үйдің алдын адам танымастай абаттандырды.
Бақытжан Әділов ескі ойыншықтар мен тұрмыстық заттардан неше түрлі мүсіндер жасаған. Қазір олар, балалардың кәдесіне жарап тұр.
Бұл үйдің алдынан өткен адам қайда бара жатқанын ұмытып қалады. Бір қарағанда қарапайым ғана аула жақындасаң жайнап сала береді. Мына мүсіндердің бәрін Бақытжан Әділов істеген.
Бақытжан Әділов, аула сыпырушы:
- Бұл темірлер. Тастаған ағаштар бар, доскалар бар. Еще мынаның астында холодильник, полный холодильниктің өзін қойып қойдым астына. Жан – жағына дөңгелектерді құрастырып.
Бақытжан Әділов бұл үйде аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Ол түкке жарамай қалған ескі заттарға осылайша екінші өмір сыйлайды. Бәрін сырлап күтіп ұстайтын да өзі.
Бақытжан Әділов, аула сыпырушы:
- Темір – терсектерді лақытырып жібереді ғой, сонда балондарды тастайды, сонымен жинап – жинап, құрастырып. Мынау не ғой, тарелка бар ғой, тарелканы алып келіп, ойыншықтарды іліп – іліп қойдық, қызық болады ғой балаларға қызық қой.
Бұл ауланың осындай кейіпке енуіне тұрғындар да ұлес қосты. Солардың бірі – Афанасий Дроздецкий. Ол талай жыл пәтер иелері кооперативін басқарған. Қазір 95 – те.
Афанасий Дроздецкий, қала тұрғыны:
- Бұл жерде түк болмады. Бірте – бірте көлік тұрағы, содан кейін үйдің алды асфальтталды. Біздің аула ең әдемі, ең таза.
Аула сыпырушы үй алдына гүл егіп, көлік тұрағын да белгілеп қойған. Ол бұның бәрін тұрғындардың «рақмет» деген бір ауыз сөзі үшін жасайды.
Бақытжан Әділов ауланы абаттандырып қана қоймай, жасыл желекке бөледі. Мына ағаштарды ол отырғызған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков