Елде ауызсу бойынша «сақалды құрылыстар» тездетіледі

Ауызсу бойынша «сақалды құрылыстардың» барлығын тездетіп аяқтап, өңірлік әкімдіктер келесі жылы су беру жоспарланып отырған 115 елді мекен бойынша жобалау құжаттарын осы жылдың соңына дейін аяқтауы қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал 22 ауылда іздестіру-барлау, сондай-ақ 20 қаланы сумен жабдықтау және су бұрудың өндірістік процестерін автоматтандыру бойынша құжаттар дайындалады. Премьер-министр құзырлы мекемелерге осыны тапсырды. Үйлестіру штабының отырысында 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отырғаны айтылды. Бүгінгі таңда ауыз суға қолжетімділік қалаларда 98,4%-ті, ауылдарда 94,5%-ті құрап отыр. Биыл сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді.

Жалпы 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1 395 ауылдың халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету қажет. Премьер-министр мамыр айының басында Үкімет отырысында ауызсу жобалары бойынша «аяқталмаған құрылыстар» туралы айтылғанын еске салды. Оларды аяқтаймыз дегенше, қолданыстағы инфрақұрылымдар жарамсыз болып қалып жатыр. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Қарғалы шағын ауданының тұрғындары суық су мен ыстық судың жиі тоқтап қалатынына шағымданды. Ал Ақмола облысының Егіндікөл ауданында әбден тозығы жеткен Нұра су өткізгіші жалғыз өзі 12 ауылды сумен қамтамасыз етіп отыр. «Бұлар биыл халықтан ресми түрде келіп түскен 9 мың шағымның бірнеше мысалы ғана», - деді Премьер-министр. Осы орайда Әлихан Смайылов әрбір өңірге, әсіресе ең төмен көрсеткіштері бар облыстарға жұмысты жандандыруды тапсырды.