Абай облысындағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшуге дайындалып жатыр

Абай облысы Березовка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшуге қамданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі орман өрті елді мекенге таяп қалған. Жергілікті билік әзірге қауіп жоқ екенін айтады.  Дегенмен көшемін дегендерге арнайы көліктер дайындап қойған. Сонымен қатар Ивановка және Ауыл елді мекендерінің тұрғындары үшін автобустар әзір тұр. Аталған ауылдардың халқы әзір қозғала қоймады.

Айта кетейік, құтқарушылар мен орманшылар кешеден бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр. 400-ден астам адам, 100-ге тарта техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды. Бүгін қатты жел болып, өртті сөндіру қиындап кетті. Таңертеңнен бері тікұшақтар көктен 157 тонна су шашқан. Алдын-ала болжам бойынша, 1,5 мың гектарға жуық алқап өртеніп кетті.

Ерлан Биғазиев, Березовка ауылының тұрғыны:

- Бородулиха ауылында апайым тұрады. Соған кетіп бара жатырмыз. Кеше аз болған. Қазір жақындап қалды. Полиция келіп айтты.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен тұрғындарды көшіру үшін автобус дайындап қойдық. Халыққа түсіндіру жұмысын жүргіздік.