Қарағанды облысында 150 мың оқушы лагерге барады
Жаз маусымында Қарағанды облысында 150 мың оқушы жазғы сауықтыру лагеріне барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыс бойынша 300-ге жуық мектептің жанындағы лагерь дайындық жұмыстарын аяқтап қалды. Биыл жазғы сауықтыру демалысына барғысы келетіндердің саны артқан. Оларды қандай бағдарлама күтіп тұр?
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде 3 мыңға жуық оқушы бар. Биыл мұндағы 250 шәкірт жазғы каникулын тиімді өткізуді жоспарлап отыр. Олар лагерде робототехника кабинеті, кітапхана, ақыл-ой кабинеттері мен СТЕМ- лабораториясын пайдаланып, білімін жетілдіреді. Сондай-ақ ойын-сауық бағдарламасы да бар.
Айзере Әбиева, Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің оқушысы:
- Мұғалімдер бізді С.Сейфуллин театрына, мұражай, бассейнге, кинотеатрларға апарады. Лагерді жылда асыға күтемін. Себебі онда мен жаңа достарыммен кездесемін.
Биылғы жылдың ерекшелігі, арнайы мектептің күтімді қажет ететін 360 баласы да мектеп жанындағы лагерге барады. Сондай-ақ шәкірттер қала сыртындағы және республикалық демалыс орындарында демалады.
Жанна Сүйінбаева, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
- 293 лагерде 90 мыңнан аса бала демалады. Ал егер тамақтандыратын лагерь 283 болса, онда 30 мыңға жуық бала демалады. Сонымен қатар Республика деңгейіндегі Балдәурен, Қапшағай, Бөбек лагерлерінде де демалатын болады. Бұнда да біз көбінесе аз қамтылған, көпбалалы отбасылар және асыранды, жетім балаларды қамтитын боламыз.
Облыстағы лагерлер маусымның 5-ші жұлдызынан бастап жұмыс істейді. Осы кезде қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» профилактикалық акциялары өткізіледі.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.