Екібастұзда жылу мекемесі тұрғынның шығынын өтейді
Екібастұзда жылумен қамтамасыз ететін мекемемен соттасқан қала тұрғыны жеңіп шықты.
Сот «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС-ін жарты миллион теңгеге жуық қаржыны төлеуге міндеттеді. Мұндай жағдайға жылу орталығындағы коммуналдық апат себеп болған.
Естеріңізге сала кетейік өткен қыста кеншілер қаласының жартысына жуығы жылусыз қалып, төтенше жағдай режимі енгізілген еді. Жылу жүйесі қыстың соңына дейін ретке келтірілмеді. Жігер көшесінде тұратын азаматтың сотқа шағымдануына дәл осы жағдай түрткі болды. Ол коммуналдық апаттан зақымданған мүлкін қалпына келтіріп беруін өтініп, «ЕкібастұзЖылуЭнерго» хат жолдаған. Бірақ керібайланыс болмаған. Бүлінген мүлікті өз есебінен қалпына келтіруге мәжбүр болған азамат сотқа жүгінді. Талапкердің дәлелдері расталып, материалдық және моральдық шығын өндірілетін болды.
Агидель Ибраева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
- Сот отырысында өтініш берушінің талабы орындалып, ішінара қанағаттандырылды. Нәтижесінде 365 мың 740 теңге мөлшерінде материалдық шығын өндірілді. Ал моральдық шығын сомасы 100 мың теңгеге төмендетілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.