Алматыда «Бесбармақ» фильмінің түсірілімі басталды

Алматыда Tiger films кинокомпаниясының кезекті картинасын таспалау басталды.

Шығармашылық ұжым бұл жолы қазақтың ұлттық тамағы – ет асуды тақырыпқа арқау етіпті.

Бірнеше мың жылдық тарихы бар тағам мен қазақтың рухани байланысын көрсететін көркем фильм комедия жанрында құрылған.

Бұл Tiger films продюсерлік компаниясының 22-ші толықметражды жұмысы. Білікті түсірілім тобы мен танымал әртістердің мақсаты – ұлттық тағамды ұлықтау. Тарихы терең асты дайындау әдістері, табақ тарту жоралғысымен маңызы көрсетіледі. Басты кейіпкер аспаздың ролінде актер Рамазан Амантай ойнайды. Одан өзге Аян Өтепберген, Роза Мұқатаева, Дуылға Ақмолда, Жомарт Зейнәбіл және Рүстем Жаныамановта жұмылдырылған.

Рамазан Амантай, актер:

- Осындай фильм түсіріледі деген кезде бірден қуана-қуана мен ойнаймын, деп келістім. Оның үстіне сценарийге де өзім аралассам, алып қосатын жерлерімді айтсам деген, көптен бері айтқым келген дүниелерді айтсам, деп тілек білдірдім. Онымды қуана-қуана қабылдады Tiger films ұжымы.

Фильм жол бойындағы қарапайым асхана аспазының өміріне негізделген. Ауыл баласының арманы әжесі пісірген бесбармақтың ерекше рецептінің арқасында орындалады. Шағын дәмханадан бастап, Алматыдағы қымбат мейрамханаға дейінгі қызметтік өсу жолы әдемі әзілмен көрсетіледі.

Бейбіт Өнер, режиссер:

- Әрбір қазақ үшін ет асу жәй ғана тағамның бір түрі емес, бұл біздің ұлттық мұрамыз, халықтың жаны десек те болады. Бесбармақ, бауырсақ, киіз үй, алтыбақан осының бәрі біздің рухани кодымызға кіреді. Сондықтан бұл фильм біз үшін өте маңызды. Осының бәрін әдемі әрі қызықты етіп көрсетуіміз керек.

Комедиялық жанрға негізделген картина Алматы қаласы мен Алматы облысында таспаланады. Түсірілім тобы 15 күнде ұлттық ас мәзірінің алуантүрлігін насихаттайды. Көрермен кейіпкерлердің өміріндегі қызықты және шытырман оқиғаларға күле отырып, қазақтың асханасымен етене танысады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов