Қарағанды облысында 5000-нан астам кәсіпкерге қолдау көрсетіледі
Қарағанды облысының әрбір екінші экономикалық белсенді тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді.
Осы уақытқа дейін кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды.
Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5,5 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша өндірісті өлкеде шағын және орта кәсіпкерліктің мықтап дамуына жол ашылады.
Эльнара Смағұлова мүмкіндігі шектеулі нәрестенің анасы. Осы уақытқа дейін ол баласының ем-домына қыруар қаржы жұмсап үздік деген реабилитациялық орталықтарға шапқылаған еді. Кейін туа біткен сал ауруы бар бүлдіршіндерге қолжетімді орталық ашқысы келген. Бір жыл бұрын өз қаржысына «Өзім» деп аталатын шағын реабилитациялық орын ашты. Ал жақында мемлекеттен қолдау көріп, бұл жерге бірқатар құрал-жабдықтар сатып алынды.
Эльнара Смағұлова, орталықтың жетекшісі:
- Мен 5 жыл бұрын Алматы мен Астанадан мықты мамандарды осында шақырып, балаларымызды емдетумен айналысатынмын. Себебі ол кезде бізде реабилитологтар тапшы болды. Кейін бұл өте қымбат шығатынын түсіндім. Қазір балалар осында кез-келген уақытта қажетті курстарынан өте алады. 10-шақты маман бар. Олар не науқас балалардың аналары, не біздің орталық атынан білімін жетілдіргендер.
Жылдың соңына дейін облыста 5,5 мың адам осындай қолдау көреді. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына өз ісін ашуға 200-ге жуық грант бөлінді. Жас кәсіпкерлер 2,5 %-бен 600 грант пен 324 жеңілдетілген шағын несие алады.
Ермағанбет Бөлекбаев, облыс әкімі:
- Өңірде шағын және орта кәсіпкерлік 20-пайызға артып отыр. Облыстың белсенді тұрғындарының тең жартысы шағын және орта бизнес секторында жұмыс істейді. Биылғы 4 айда 2,5 мың адам 16 млрд.теңгеден астам қаржылық қолдау көрді. Кәсіпкер бағдарламасы аясында осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады.
Биылғы жылдың қортындысы бойынша Қарағанды облысы 793 млр.теңгенің инвестициясы күтіліп отыр. Нәтижесінде 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар