Алматыда әзірбайжандық суретші Баби Бадаловтың көрмесі ашылды
Алматыда әзірбайжандық суретші Баби Бадаловтың сурет көрмесі ашылды.
Көрмеге қылқалам шеберінің кейінгі екі жылда салған 30-ға жуық картинасы қойылған.
Баби Бадаловтың айтуынша, мына картинадан ақын мен суретшінің мәңгілік бәсекелестігін көруге болады. Әу баста мәтін формасында салынған суретке кейіннен поэзиялық образды қосқан. Нәтижесінде, өмірдің әр кезеңін меңзейтін ұран пайда болыпты. Ол суреттерді матаға акрил бояуы арқылы кескіндейді екен.
Баби Бадалов, суретші:
- Суретшінің жазушыдан, ақыннан немесе жазу жазып отырған қарапайым адамнан айырмашылығы қандай? Мен үнемі жазу кезінде суретші екенімді естен шығармаймын. Сондықтан белгілі бір әріптерді символ немесе портрет сияқты сипаттаймын.
Оның туындыларында кириллица және латын жазуы, тап 20-шы ғасырдағы посткеңестік елдердің тарихындағыдай, бірін-бірі кезек-кезек алмастырады. Одан әрі иероглифтерге, арабтың өрме жазуына, ою-өрнектер немесе суретшінің қырынан қарағандағы сұлбасына ұқсай бастайды. Көрермен бірегей жұмыстардан әртүрлі ой түйеді.
Блиц:
- Көрме өте керемет, белгілі бір саяси нәрселерді де көре аламыз бұл суреттерден байқаған болсаңыздар. Басқа да суретшінің бізге жеткізгісі келген керемет нәрселерді көруге болады.
- Матаға әртүрлі бояуларды қолдана отырып, әртүрлі сөздермен және негізгі геометриялық фигураларды қолдана отырып салынған картиналарды көріп, өте қатты қуаныштымын.
Танымал суретші әлемнің көптеген көрмелеріне қатысқан. Авторлық көрмесі Леон, Токио, Париж секілді ірі қалаларда ұйымдастырылыпты. Оның суреттері шет елдің көптеген мұражайларында сақтаулы.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Сұлтан Бейсекенов