Атырау облысындағы 10 мектепте спорт-ойын алаңы жоқ

Атырауда 25-ші мектептің жанындағы спорт және ойын алаңының құрылысы 5 жылдан бері тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

 2020 жылы пайдалануға берілуі тиіс жоспарланған нысандарды салу үшін бюджеттен 1 млрд 305 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ спорт алаңдары уақытында тапсырылмады. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – облыс орталығындағы Гагарин атындағы №4 орта мектептің ауласындағы спорттық алаң. Алаң деген аты ғана. Әйтпесе, ауылдағы балалар доп тебетін жеріне ұқсайды. Мына төселген төсеніштер жыртылып, тоз-тоз болған. Ал қақпа кәдімгі тастан қойылған.

1971 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимаратының өзі де әлі күнге жөндеу көрмеген. Құрылысы аяқсыз қалған спорт алаңы тағы бар. Осылайша, 1500-дей бала оқитын мектептің өзекті мәселесі қордаланған. 

Гүлжазира Сапарқызы, Ю.Гагарин атындағы №4 мектеп директорының орынбасары:

- Ойын алаңының құрылысы осымен 5 жыл бұрын басталды. Қазіргі уақытта мұны жасайтын адамдар істі болып жатыр, деп хабар болды. Сол біткеннен кейін болатын болар. Әрмен қарай әлі жасалған жоқ. 5 жыл көлемінде осындай. Балалар ойнайды келіп, бала ғой. Футбол ойнайды.

25 мектепте спорт және ойын алаңының аты болғанымен заты жоқ. Әкімдік 2018 жылы басталған құрылысты 2020 жылдың тамызына дейін аяқтау үшін мердігер мекемемен қосымша келісімшарт жасаған. Бірақ нысандар уақытында тапсырылмады.

Абылай Ғұмаров, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2020 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау керек болған. Алайда еш себепсіз құрылыс жұмыстарын тоқтатқан. Сол себептің бөлім тарапынан 2020 жылы сотқа жосықсыз деп тануға және бөлінген авансты соманы қайтару бойынша сотқа берілген. Біз соттан ұтылып қалып отырмыз.

Құрылыстың уақытылы аяқталмауына пандемия себеп болған. Енді сот шешіміне сәйкес мердігер мекемемен қосымша келісімшарт жасалады. Содан кейін құрылыс жұмыстары жанданады деп жоспарланып отыр.

Жалпы облыстағы мектептердің жанында 380 спорт-ойын алаңы бар екен. Ал 10 мектепте атымен жоқ. 

Тілекқабыл Байдошев, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- 10 мектепте спорт алаңдары жоқ. Себебі мектептерде спорт алаңдарын салуға мектептердің жанынан орындар тапшы болуы себебінен. Сондықтан спорт алаңдарын салу мүмкіндік болмай отыр. Күрделі жөндеуге жатқызылатын 112 мектепте спорт алаңдары күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жауаптылардың сөзінше, 2027 жылға дейін 30 мектепті күрделі жөндеуден өткізу кезінде спорт және ойын алаңы да жаңартылады. Ал 2025 жылға дейін салынатын 48 мектеп толықтай спорт алаңымен қамтылады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.