Жетісу облысына денсаулық сақтауды дамытудың бағдарламасы қажет

Жетісу облысында денсаулық сақтау саласын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу қажет.

Мұндай ұсыныс ҚР Премьер министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтың қатысуымен өткен жиында айтылды. Себебі былтыр ауруханаларда төрт ана қайтыс болған. Ал биыл сондай жағдайдың үшеуі тіркелді. Аймақта жол көлік апаттары да жиі болады. Жарақат алғандар саны бойынша өңір республикада үшінші орында тұр. Басқосуда әлеуметтік саланың проблемалары көтеріліп, бірлесіп шешу жолы қарастырылды. Мысалы облыста дәрігер мен мұғалім тапшы. Оларды тарту үшін демеу қаржы қарастыру керек. Бірқатар мектеп мен аурухана толық  жөндеуді қажет етеді. Емдеу нысандардың ең көнесі облыс орталығындағы онкологиялық диспансер. Ғимараттың алғашқы бөлігі 1940 жылы салынған. Мекеменің жағдайымен Үкімет мүшесі өзі барып танысты. Сонымен қатар Жамбыл ауылындағы медпунктте және Жастар елді мекеніндегі білім ордасында болды. Сарыөзектегі тігін цехын көріп жергілікті халықпен жүздесті.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Ең негізгі алдымызда тұрған жоспар ауыл тұрғындарын, жастарды  жұмыспен қамту. Оған президент жарлығымен «Ауыл аманаты» деген арнайы бағдарлама қабылданған. Биылға біз өңірлерге 100 млрд бөлдік. Соның 3,2 млрд Жетісу облысына тиесілі. Қазір біз ауданда тұрғындармен кездестік. Тұрғындардың қызығушылығы жоғары. Себебі жұмыс істеймін деген азаматқа үлкен қолдау, 2,5 процентпен 8,5 млн астам қаражат бір азаматқа беріледі.