Елде су қысымы аз
Кейінгі уақытта су тапшы болып барады.
Алаңдатарлығы сол, түйткіл – қала мен ауылға ортақ. Өзен-көлі көп оңтүстік пен шығыста да проблема өзекті.
Су мәселесі әсіресе ел батысында өзекті. Ақтөбе қаласының тұрғындары салқын және ыстық судың жиі тоқтайтынын айтып шағымданды. Қарғалы шағын ауданында 5 мыңнан астам абонент бар. Түйткіл негізінен көпқабатты үй тұрғындарын толғандырады.
Темірлан Байсекешов, қала құрғыны:
- Бірінші этаждағы көршілер ыссы су қосса, бізге қысым келмейді. Мұздай су да жай ағады. Кейде мүлдем болмай қалады.
Қаланы сумен қамтушы коммуналдық компания проблеманы шешіп жатқанын айтады. Себебі, шағын аудандағы 37 шақырымды құрайтын құбыр желісінің ескірген 45 пайызы жаңартылған. Енді таяу уақытта іске қосылады.
Аманкелді Боранқұлов, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері:
- Қарғалы селосының өзінде 2 жыл бұрын ол жақта жаңадан су құбырлары тартылды. Биылғы жылы ТКШ қайтадан жобалар жасап жатыр. Бүкіл қалған жер үйлерді сосын үкіметтік мекемелер бар. Басқа көпқабатты үйлер бар. Барлығында соларды қосу жұмыстары болады.
СҚО-да тіршілік нәрінен тарыққан ауыл
Солтүстік Қазақстандағы Соколовка аулының тұрғындары да талай жылдан бері судан таршылық көріп келеді. Тіршілік нәрі күніне бірнеше сағат қана беріледі.
Камила Өтепова, Соколовка ауылының тұрғыны:
- Жұмыс күндері сағат 5-тен 8-ге дейін беріледі күнде. Ал демалыс күндері 2 мезгіл қосымша 10-нан 12-ге дейін және 5-тен 8-ге дейін беріледі. Ыңғайсыздау негізі, өйткені ауылымыз үлкен. Адам саны көп.
Елді мекендегі су құбырларының ұзындығы 17 шақырым. Кеңестік кезеңде салынған желілер апаттық жағдайда. Бұған дейін республикалық жоба бойынша ауыстырылуы тиіс еді. Ауылда сібір жарасының жерленген жері анықталып, жұмыс тұралап қалды. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, жауапты мамандар жұмылдырылды.
Қуандық Шақұбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазір сотқа арыз дайындалып жатыр. Өйткені, ауылда байырғы тұрғындары "сібір жарасынан өлген малдар басқа жерге жерленген" дейді. Яғни, елді мекеннің орталығында емес. Сондықтан біз су құбырын салуға жобалық–сметалық құжат әзірлеп жатырмыз.
Астанада су қысымы аз
Алыс-жақын ауылдар былай тұрсын, бұл түйткіл елорданы да айналып өтпеді. Әсіресе демалыс күндері таңнан қара кешке дейін краннан су ақпай қалатыны бар. "Астана су арнасы" компаниясының өкілдері қала үлкейгендіктен қысым азая түсті»,- дейді.
Жанна Досжанова, "Астана су арнасы" МКК сорғы-сүзгі станциясының жетекші инженер-технологі:
- Алдағы уақытта үшінші сорғы-сүзгі станциясы салынып жатыр. Ол осы жаздың аяғында іске қосылады. Интернациональный деген жерде үшінші станция салынып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін ел халқын ауыз сумен толық қамтамасыз ету қажет. Биыл осы мақсатта республикалық бюджет есебінен 280 млрд теңге бөлінген.
Нұрсұлтан Керімқұлов, ҚР ИИДМ сумен жабдықтау басқармасының басшысы:
- 167 млрд теңгесі қалаларға және ауылдарға 113 млрд. Қазіргі таңда 98 мың шақырымнан астам су құбыры болса жалпы ел бойынша, оның тозу деңгейі 43 пайызды құрап отыр. Өкінішке қарай, мемлекет басшысы да айтқан болатын. Бізде суды тұтыну мәдениеті өте төмен деп. Мысалы еуропамен салыстырсақ, біз 3 есе көп қолданады екенбіз суды.
Бұл пікірмен сарапшылар да келіседі. Суды тиімсіз пайдаланамыз, дейді Вадим Япиев.
Вадим Япиев, су ресурстары жөніндегі эколог:
- Қаласақ та, қаламасақ та суды үнемдеуге тура келеді. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, күллі әлемге ортақ мәселе. Өкініштісі, бұрын судан таршылық көрмеген өңірлер де осы сынақтан өтуге мәжбүр. Жағдай оңалмаса, алдағы 10 жыл ішінде мәселенің салдары күрделеніп кетуі мүмкін.
Елордада тәулігіне 30 мың текше метр су тапшылығы бар. Былтырдан бері салынып жатқан үшінші сорғы-сүзгі станцияның құны 59 млрд теңгеге тең. Қаржы жыл соңына дейін толық игеріліп, пайдалануға беріле ме? Әліптің артын бағайық.
Авторы: Мирлан Алтынбек