Қарағанды облысының шаруалары шығынға батты
Қарағанды облысында егін егу науқаны аяқталуға жақын, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алайда диқандар көктемгі дала жұмыстарының ауыр өткенін айтады. Тыңайтқыштар мен гербицидтердің, техника мен қосалқы бөлшектердің бағасы бірден 2,5 есе шарықтап, шаруаларға біраз нәрседен бас тартуға тура келген. Енді егін бітік шықпаса, шығынға батамыз деп отыр.
Бұл – Қарағанды облысындағы ең көп егін салатын ірі шаруашылықтың алқабы. Биыл олар 36 мың гектар жерге дәнді-дақыл сіңірген. Көктемде қар суы топыраққа мол сіңгенімен, аңызақ жел жерді кептіріп барады, - дейді диқандар. Сондықтан қымбат болса да, тыңайтқышты көптеп пайдалануға мәжбүр. Өйтпесе, өнім болмайды.
Думан Шәктаев, бас агроном:
- Бірінші жылғы пардан кейінгі аңыздарға 30 келіден аммофос сеуіп жатырмыз. Екінші жылға 50 келі аммофос сеуіп жатырмыз. Ал үшінші жылға 80 келі сульфоаммофос сеуіп жатырмыз. Қанша айтқанмен, азот керек қой, азот жетпейді. Биыл күллі егініміз тыңайтқышпен себіліп жатыр.
Алайда биыл тыңайтқыш пен гербицидтің бағасы шарықтап кеткен. Бірден 2,5 есе қымбаттапты. Ол аздай, техника мен қосалқы бөлшектің де құны аспандап тұр. Диқандардың есебі бойынша, енді ең болмаса кеткен шығынды жабу үшін күзде кемінде әр гектарына 15 центнерден өнім жинау керек. Бірақ, өкінішке қарай, биыл керісінше бидай мен көкөністің құны 2 есе төмендеген. Шаруалар мұны әлемде болып жатқан геосаяси ахуалмен байланыстырады.
Георгий Прокоп, шаруа:
- Өнімнің құны өте төмендеп кетті. Картоптың келісін 100 теңгеден сатып жатырмыз. Көкөністі 7 жыл бойы егіп келемін, ешқашан баға бұлай құлдырамаған. 170-180 теңгенің шамасында болатын. Бидай бағасы да бірден 2 есеге арзандап кетті. Қазір тоннасын 90 мыңға әзер өткіземіз. Өткен жылы 180 мыңнан саудалағанбыз.
Диқандар субсидияның да уақытылы берілмейтініне қапалы. Жаңа жүйе әлі дұрыс жұмыс істемейді деп отыр. Бірер күн бұрын тұқымға алған, ал тыңайтқыш пен гербицидтің ақшасы әлі аударылмапты. Бұлай жалғаса берсе, егін салудың өзі қиямет-қайымға айналады, - дейді.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша шаруалар 944 мың гектар жерге дәнді-дақыл сіңіріп жатыр. Дала жұмыстары санаулы күнде аяқталады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.