100-ге жуық отбасы елдің солтүстігіндегі ауылдарға қоныс аударуы мүмкін
«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысынан 52 отбасының мүшесі еліміздің солтүстіндегі ауылдарды аралап, тірлігімен танысып қайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Теріскейден оралған топ мүшелері брифинг өткізіп, сапар қорытындысымен бөлісті. Қоныс аударуға ниеттілерге қандай жағдай жасалады? Қанша отбасы көшкісі келеді?
Делегация құрамында солтүстікке барып қайтқандардың бірі – Мақтарал ауданының тұрғыны Ғани Құдабаев. Тұрақты жұмысы болмағандықтан, бұған дейін отбасын асырау үшін Алматы қаласына барып, құрылыста жұмыс істеген. Солтүстікті көріп қайту туралы ұсыныс түскенде бірден келіскенін айтады. Есіл ауданындағы мектептен өзіне де, келіншегіне де жұмыс тауып қайтыпты.
Ғани Құдабаев, Мақтарал ауданының тұрғыны:
- Өрнек деген ауылдан жұмыс табылды бізге. Маған сол жерден күзетке жұмыс шықты. Ол жерде ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік көп екен. Мектептің жанында үй бар екен. 2 млн теңгеге үй алып, құжаттарын тапсырып, бәрін шешіп келе жатырмыз. Ағайындар бар 3-4 отбасы, қайын жұрттан да 3-4 жанұя барамыз деп отыр.
Келес ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алдияров Ақжар ауданына барған. Сондағы Қарашілік ауылына қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдапты. Себебі мал өсіруге өте қолайлы екенін айтады.
Мұхамеджан Алдияров, Келес ауданының тұрғыны:
- СҚО барғандағы мендегі ниет – ол мал шаруашылығын өркендетіп, өсіру. Үлкен кәсіпорынға айналамыз деген оймен барып, сол жерден өзіміздің жерұйығымызды тауып, мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдап келдік.
Топ мүшелері теріскейге барып, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік мол екенін айтады. Балық, мал, егін шаруашылығын дамытуға, білім, денсаулық сақтау саласына да маман тапшы дейді. 2016 жылдан бері оңтүстік жұртын солтүстікке көшірумен айналысып келе жатқан меценат Жаңабай Ағабеков теріскейге барып келген азаматтардың көбі қоныс аударуға дайын екенін жеткізді.
Жаңабай Ағабеков, облыстық мәслихат депутаты:
- Барған азаматтарымыздың 80% сол жерде келісімшартқа тұрып, жақында көшіп кетуге дайын отыр. Әр барған азаматтардың артында 5-6 отбасы бар. 52-нің бәрін айтпағанда 25-сі үгіт-насихат жасайтын болса, 100-ге жуық отбасы СҚО көшеді деп отырмыз.
Мамандар қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 241 500 теңгелік бір реттік материалдық көмек берілетінін айтады. Тұрғын үйді жалға алса, 1 жылға дейін ақысын төлеп береді. Ал сатып алса, жартысын мемлекет төлейді. 2015 жылдан бері оңтүстіктен еліміздің жұмыс күші тапшы солтүстік өңірге 12 мың отбасы қоныс аударған. Ал жыл басынан бері 206 отбасы, яғни 691 адам көшіп барған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.