Астанадағы ЖЭО-3 жыл соңына дейін іске қосылады

Астанадағы үшінші жылу электр орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы 2 қазандық биыл қазан айында іске қосылады. Бұл туралы «AMANAT» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес жиынында айтылды. Бүгін депутаттар мен бірқатар құзырлы орган өкілдері нысан құрылысына партиялық бақылау жүргізді.

Айта кету керек, бұл нысанның құрылыс жұмыстарының басталғанына 10 жылдан асты. Осы уақыт аралығында материалдардың құны өсіп, нысанның пайдалануға беру мерзімі бірнеше мәрте шегерілді. Қоғамдық кеңес Астана биыл жылудан таршылық көре ме деп алаңдаулы.

Бүгінде онда екі ауысымда 17 қосалқы мердігерлік ұйымдардан 600-ден астам адам жұмыс істейді. Әзірге су жылыту қазандықтарын, қыздырғыштар мен желілік су құбырларын монтаждау жұмысы аяқталған.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес біз елордадағы ЖЭО-3 құрылысының сапасына бақылау жүргізудеміз. Нысанның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын білеміз, бұл – ұзақ процесс. Мердігер компания дайындық 90% деп тұр. Біз қазан айында тағы келіп тексереміз деп отырмыз. Менің ойымша дайындық 90%-тен аз сияқты.