Дәрігер адамның жанын да, тәнін де емдейді

«Дәрігердің білім алуы университетпен аяқталмайды, ақ халаттылар өзінің қызметі барсында біліктілігін шыңдай береді».

Күніне 10-ға тарта операция жасайтын травмотолог дәрігер Болат Ысқақов осылай дейді.

Тізе-буын артрозы бүгінде өте жиі кездесіп жүрген кеселдің бірі. Дәрігерлер қазір егде адамдармен қатар жастар арасында да тізесінен баса алмай жүргендер барын айтады. Себебі, соңғы кезде бұл дертке дауа іздеп келетіндер қатары артып кеткен. Осы саланың кәнігі маманы, травмотолог дәрігер Болат Ысқақов осылай дейді. Ол травматология бөлімшесінде айына 100-ге жуық осындай ота жасалатынын айтады.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

Кейіпкеріміз қазір тізе буынын алмастыру операциясын жасап жатыр. Ол бүгін дәл осындай 7 ота жасамақ.

Болат Ысқақов - медицина саласына еңбек сіңіріп жүрген сақа маманның бірі. «Гиппократ» антын қабылдап, адам жанына араша болып жүргеніне 15 жылдан асқан. Осы жылдар аралығында аяғы қақсап, тізесі сырқыраған 3 мыңдай жанға ота жасап, ауруына шипа сыйлағанын айтады.

Болат Ысқақов ҚР ПІБ МО ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Біз қазір тізе буынын ауыстыру операциясын аяқтадық. Күніне осындай 10-ға тарта ота жасап жүрміз. Тізе ауруы әсіресе біздің елде көп кездеседі. Оған түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Тұзды тағамдардан бас тартуға кеңес берер едім. Сонымен қатар физикалық қозғалыс қажет.

Тіс қаққан маман, жас дәрігерлерге тәжірибені үнемі білім арқылы жетілдіріп отыру керек деп кеңес береді. Себебі медицинадағы технология да жыл санап ілгерлеп барады. Ол сондай-ақ, мұнда шетелден дертіне шипа іздеп келетін жандарға да ота жасайтынын айтады.

Болат Ысқақов ҚР ПІБ МО ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Бізге отандастарымызбен қатар, алыс-жақын шет елдерден келіп ота жасататындар бар. Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары көп жүгінеді. Тіпті Франция мен Германиядан да келген науқастарға осындай операция жасадық.

Дәрігер мамандығын әбден меңгердім деп толысуға болмайды. Күн сайын өз-өзіңді жетілдіріп отыру керек. Аманатқа адал дәрігер, адамның тәнін ғана емес жанын да емдей алады. Біз сұхбат құрған кейіпкер осындай пікірде.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Камшат Атабаева, Жандос Битабаров