Елордада Орталық Азия елдерінің арулары бас қосты

Биыл Қазақстан төрағалық еткен форумда әйелдердің жаңа технология мен инновацияларды дамытудағы рөлі талқыланды.

Сондай-ақ, отбасындағы зорлық-зомбылық, саясат, су тапшылығының қыз-келіншектерге әсері де сөз болды.

Форумға қатысушылардың айтуынша, гендерлік теңдікке цифрландыру арқылы қол жеткізе аламыз.

Бекзат Аманов, тілші:

- Еуропа мен Орталық Азия аумағында 60 млннан аса әйелдің интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ. Бұл - арулардың жаңа технологиялар мен инновацияларды меңгеруіне кедергі келтіріп отыр дейді сарапшылар. Оның үстіне әйелдер көбінесе үй шаруашылығымен ғана айналысады. Осының әсерінен ерлермен арадағы жалақы алшақтығы артып жатыр. Бір ғана Қазақстандағы жалақы алшақтығы 21 пайыздан асады.

Әйелдердің төмен табысын қасаң стереотиппен байланыстыруға болады. Мамандар осылай дейді. БҰҰ-ның мәліметінше, Орталық Азияда жаратылыстану, технология, инженерия және математика саласына баратын қыз балалар аз. Гендерлік теңсіздік орта мектепте басталады, жоғары сыныпта нығаяды, университетте өседі және еңбек нарығында шыңына жетеді. Сөйтіп, техника және технологиялық инновация салаларында әйелдер жауапты қызметке тағайындалмайды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдік пен әйелдер құқығының қорғалуына ерекше назар аударады. Ол үнемі "елдің даму деңгейі әйелдердің қоғамдағы статусымен өлшенеді" деп айтып отырады. Бүгінгі кездесу Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөліне арналады. Біздің міндетіміз - Орталық Азияны экономика жағынан дамып, өркендеген өңірге айналдыру.

Джамиля Исаева, Қырғыз Республикасы Жогорку кенеш төрағасының орынбасары:

- Әйелдерді инновация және технология салаларына тарту Қырғызстан үшін де өте өзекті мәселе. Біз көптеген жобаны жүргізіп жатырмыз. Алайда ауыл-аймақтағы жағдай әйелдердің мүмкіндігін біршама шектейді. Қазір оларға соңғы жаңалықтар, білім, ғылым жайлы ақпараттарды жеткізу керек. Цифрландыру мен интернет бұл мәселені шешеді деп ойлаймын. Орталық Азияның менталитеті де әйелдердің дамуын шектеуі мүмкін.

2022 жылғы дерекке сүйенсек, Қазақстан халқының жартысы әйелдер. Елдегі ғылым саласында қызмет ететіндердің 53 пайызы, Судьялардың 51, кәсіпкерлердің 43 пайызы арулар. Енді нәзікжандардың үлесін өзге салаларда арттыру жоспарланып отыр. Әсіресе, лауазымды қызметке тағайындалып жатқан әйелдер көп. Мамандар талдауына сенсек, арулар басқарған кәсіпорындар бірнеше есе табысты болады. Ал гендерлік теңдікті ұстанатын мекемелер жақсы көрсеткішке қол жеткізеді.

ГРАФИКА:

Әйелдердің әлеуметтік-экономикадағы үлесі:

Ғылым саласы — 53,4%

Судьялар құрамы — 51%

Кәсіпкерлік саласы — 43%

Элиза Фернандес Саенз, Еуропа мен Орталық Азиядағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымының өңірлік кеңсесі директорының орынбасары:

- Орталық Азия әйелдерінің диалог алаңы өте маңызды жиын. Мұнда мәселені талқылап ғана қоймай, оны шешу жолдарын қарастырамыз. Бүгін гендерлік теңдік, әйелдердің мүмкіндігін кеңейту және зорлық-зомбылықты шешуге басымдық берілді. Сондай-ақ, цифрландыру саласындағы түйіткілдер қаралды. Қазір кей қыз-келіншеккке кибербуллинг жасалады. Жалпы, әлемдегі барлық адам тең мүмкіндікке құқылы.

Шараның негізгі міндеті - Орталық Азиядағы, оның ішінде, ауыл-аймақтағы қыз-келіншектердің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қазір құр талқылау аздық етеді. Қатысушылардың айтуынша, форумда айтылған әңгіме жерде қалмайды. Қажет болса арнайы заң қабылдануы мүмкін.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мына жерге қатысатын адамдар, негізі адамдар депутаттар. Біз мұның бәрін талқылап, одан кейін елдегі заңнамамызға енгізуге тырысамыз. Мыслаы қазір ғана цифравая карта семей дедік ғой. Мысалы әлеуметтік кодексті қабылдағанымызда соны кіргіздік. Одан кейін зорлық-зомбылық, климат туралы мпәселелерді мүмкіндігінше біздің заңнамамызға кіргізуге тырысамыз.

Мамандар форумнан ауқымды өзгерістер күтеді. Келесі жылға дейін әйелдерге цифрлық технологияны қолжетімді етіп, гендерлік теңдікті жою, робототехникаға қызығатын қыздарды көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әйел бейнесін ғалым, АЙТИ-маман ретінде қалыптастыру мақсаты тұр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов, Ерлан Наурызбаев