Алматыда Italian Beauty Days іс-шарасы басталды
Италияның косметика мен парфюмерия шығаратын жетекші компаниялары Алматыға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мегаполисте Italian Beauty Days іс-шарасы басталды. 3 күн бойы елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген 300-ден астам сұлулық индустриясының мамандары италиялық өндірушілермен кездесіп, пікір алмасады. Бизнес өкілдері іскерлік байланыс орнатып, нарықты зерттеп, келісім-шарттар жасауға мүмкіндік алды. Әсемдікке жаны құмар алматылықтар да осы жерден табылды.
Италия косметикасы Еуропа нарығында Германия мен Франциядан кейін үшінші орында тұр.
Мартино Кастеллани, Қазақстандағы Италия Елшілігінің сауда алмасуды дамыту бөлімінің директоры:
- Италиядағы косметика және парфюмерия бизнесі Орталық Азиядағы компаниялармен байланысты жоғары бағалайды. Бұл – іскерлік алаңы. Тәжірибе алмасумен қатар сауда-саттық қарым-қатынасын жандандырады. Сондықтан кәсіпкерлер үшін пайдалы деп санаймын. Мұндай салалық көрмелер қажет. Ол – нарықты ұлғайтып, жаңа заманауи өндірістерді бірлесіп дамыту үшін тамаша мүмкіндік.