Ақсай қаласында жол құрылысы қызу жүріп жатыр

Батыс Қазақстан облысының Ақсай шаһарында асфальт жолдардың үлесі жыл соңына дейін 100% жетпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында моноқаладағы жол құрылысына былтырдан бері 3,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 30 шақырым көшені жөндеу жоспарланған. Қаладағы қарқынды құрылыс жайлы Орал өңірінен әріптесім Ерденбек Жылқайдарұлы баяндайды.

Ақсай қаласындағы 7, 9 және 11 шағын аудандарда биыл 5 шақырымға жуық жол салынбақ. Республикалық бюджеттен 611 миллион теңге бөліпті. Қазір құрылыс қызу жүріп жатыр. Асфальт тиеген ауыр жүк көліктері мен жол төсеуші техникалардың гүрілінен құлақ тұнады. Алайда айналадағы тұрғындар бұған қуанбаса, ренжімейді. Өйткені олар осы сәтті ұзақ күтті.

Абай Меңдіғазиев, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Мен КПО-да жұмыс істедім ғой. Көлік жібереді. Көлік осылай батып қалады балшықтың ішінде. Сосын Орал жіберді «вахтовка», сонымен тасыды. Солай уақыт өтті. Қазір салып жатыр, балалар қуанып жатыр. Кешке жарықшам қосты ғой, балалардың бәрі мында келеді.

Аталған ықшам аудандардағы жол қыркүйекте тапсырылуы тиіс. Алайда мердігер құрылысты шілденің соңына дейін аяқтайтынын, қажетті битум мен инертті материалдарды қыста дайындап қойғанын айтады.

Ануар Агаев, мердігер:

- Бұл – ауыспалы нысан. Өткен жылы бастадық. Бірақ былтыр битумнан проблема болды. Биыл мемлекеттің көмегімен көрші Ресейден қажетті битумды қыста тасымалдап алдық. Енді ештеңеге алаңдамай, тездетіп асфальт салып жатырмыз. Құрылысты уақытынан ерте бітіруге тырысамыз.

Облыстағы жалғыз моноқала Ақсайда күні бүгін жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл мақсатқа өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 3 миллиард 600 миллион теңге қаралыпты. Барлығы 30 шақырым жол жөнделмек.

Дастан Ақмамбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ және көлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Бұдан бөлек, қазір сол бағдарлама аясында бізге республикалық бюджеттен тағы да қаржы бөлінді. Ол жерлерде әлі конкурстық рәсімдер өтіп болып жатыр. Солтүстік көшесі, бұрынғы Овражная, 5 және 2-ші, 3-ші ықшам аудан осы жобаларды толығымен атқарғанда бізде Ақсай қаласында асфальт төсеммен 100% қамтылады. 181,9 шақырым жергілікті жолдар бар. Соның 180 шақырымын жабамыз.

Асфальт жолдардың үлесі жөнінен Батыс Қазақстан облысы – аймақтар арасында аутсайдер. Соңғы жылдары осы олқылықтың орнын толтыруға мықтап мән берілді. Биыл өңір жолдарына барлық қаржы көзінен 73 миллиард теңге қаралыпты. Оның 36 миллиард теңгесі жергілікті жолдарға бағытталған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов, Э. Аюпов.