Павлодар облысында жол жөндеуге ₸27 млрд бөлінді
Биыл Павлодар облысының жолдарын жөндеуге рекордтық деңгейде, яғни 27 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл қаржыға 100-ден астам жоба жүзеге асырылады. Кешенді жоспар шеңберінде облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың 600-ге жуық шақырымына асфальт төселеді. Осы күнге дейін 40 жол учаскесінде жұмыстар аяқталып, қолданысқа берілді. Қалған жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Құрылыс материалдары мен техника жеткілікті. Қазір облыста 23 асфальт-бетон зауыты бар.
Қанат Қашкиров, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- 136 нысандағы жөндеу жұмыстарымен 23 мердігер ұйым айналысып жатыр. Жұмыстың бәрі бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Биыл ауылдардың кіреберіс жолдарын қалыпқа келтіруге басымдық бердік. Соңғы 3 жылда осындай 42 нысан жөнделді.