Қарағандыда шолу дөңгелегінің жұмысы тоқтатылды
Қарағандының орталық саябағындағы шолу дөңгелегі әзірге жұмыс істемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі темірден жасалған бекітпелердің бірінде сызат пайда болған. Мұндай ақауды демалуға келген тұрғындар байқаған. Мамандардың айтуынша, бұл қатты соққан желдің салдарынан болуы мүмкін. Қазір жарылып кеткен құрылғылардың барлығын ауыстыру туралы шешім қабылданды.
25 метрлік шолу дөңгелегі қалада 40 жыл бұрын пайда болған. Аттракционға биылғы көктемде ғана күрделі жөндеу жүргізілген екен. Тіпті қауіпсіздігін анықтау үшін арнайы сараптамадан да өткен.
Роман Калачёв, Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір тағы да тексеру жұмысы жүреді. Одан кейін сараптама нәтижесінде жұмыс істеуге рұқсат деп тапса, онда қайта іске қосылады. Бұл істерге қанша уақыт кететінін мен айта алмаймын. Егер қауіпсіз емес деп танылса, онда не істеу қажеттігі анықталатын болады.