Ақтауда заңсыз құрылыс көбейген
Құрылыс компаниялары бастапқыда коммерциялық нысан деп көрсетіп, кейін нысаналы мақсатын баспана етіп өзгерте салады.
Кейінде 50-ге тарта көпқабатты үй салынып, олар шаһардың ескірген инфрақұрылымына салмақ түсірген. Өзекті мәселені мәслихат депутаттары көтерді. Отырысқа сенатор Бекбол Орынбасаров қатысты. Ол мәселенің қолданыстағы заңнама аясында шешілетінін айтады. «Сондай-ақ, осындай жағдайға жол бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылу керек», -деді.
Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мәслихат депутаттары қаладағы құрылыс жобалары туралы білуі керек. Бұған сіздердің толық құқығыңыз бар. Әрқайсыңыз өзіңіз сайланған сайлау участогында жүріп жатқан құрылыстың нысаналы мақсатын білп жүргеніңіз жөн. Мердігері мен тапсырыс берушілері кім, жобалық-сметалық құжаттары заңға сәйкестігін тиісті органдармен бақылауда ұстап отыру қажет. Осылайша, заңсыздыққа тосқауыл қоюға болады.
Манарбек Бисекенов, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты:
- Қаланың ішінде заңсыз салынып жатқан 46 үй бар. Енді сол үйлердің барлығын белгілі бір уақыттан кейін қайта қабылдау процесін жүргізеді. Әкім не болмаса жауапкершігі бар орында отырған адамдардың қабылдау актілері болатын болса, барлығын жауапкершілікке шақыру керек. Халықта су жоқ, үйлерде жылу жоқ. Свет жоқ, тағы басқа проблемалар көбейе береді. Белгілі бір санаулы адамдар үшін халық зардап шегуге тиісті емес.