Жамбыл облысы Өрнек ауылының шаруалары судан тапшылық көріп отыр
Биыл 100 гектарға жуық жерге бау-бақша өнімдерін еккен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алайда су жетпей, алқаптар қурап жатыр. Енді бір аптада тіршілік нәрі болмаса, таза шығынға батамыз, - дейді шаруалар.
Мерей Бает, тілші:
- Өрнектік диқандар биыл өнімсіз қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі мұндағы егістік алқаптары 1,5 айдан бері суарылмаған. Мәселен, біз қазір қауын алқабында тұрмыз. Мұнда кемі 60 см өсуі тиіс қауындар, қиярдың көлеміндей болып қалып кеткен. Кейбірі мынау секілді шіріп кетіпті.
Жамбыл ауданының халқы негізінен егінмен күн көреді. Бірақ биыл шаруалардың көңілі күпті. Бауыржан Нарқұлов ерте көктемде жер жыртып, егіске 10 миллион теңге жұмсаған. Енді дайын өнімді жинаймын дегенде, тіршілік нәрі келмей, егін көз алдында күйіп барады. Шаруа мұны осы салаға жауапты шенеуніктердің қателігі дейді.
Бауыржан Нарқұлов, шаруа:
- Судың шамасына қарай келісімшартқа тұрғызу керек еді. Қалған халыққа айту керек еді: болды, біздің шамамыз осы суға жетеді осы жерге. Қалған халықты шулатпау керек еді. Ауыл бақша егіп күн көріп жатыр. Мынау алқапта қазір 17 гектардың 5 гектары күйіп кетті. Оған да қой дедік. Енді ең құрмағанда мынау 15 гектарды аман алып қалайық десек, мынау болып жатыр. Су жоқ.
Өрнек ауылында Бауыржан секілді қауын-қарбыз еккен 80-ге жуық шаруа шығынға батқалы отыр. Ал аудан билігі аймақта биыл жауын-шашын болмай, суармалы судың жетіспей жатқанын алға тартады. Мәселен 150 миллион кубтық Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында, бар болғаны 67 млн куб қалған. Сондықтан жауаптылар тіршілік нәрін үнемдеп отырмыз дейді.
Ербол Жиенқұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Судың тапшылығы ол біздің облыс емес Қазақстан бойынша көлемінде болып жатыр. Енді бар судың көлемін алып келіп жатырмыз. 1 куб судың көлемі қажет. Енді қазір судың тапшылығына байланысты біз мүмкіндігінше 500 литр судың көлемін жасап беруге, қамтамасыз етуге жұмыс жасап жатырмыз.
Шаруалар, көктемгі дала жұмыстары кезінде суармалы судың 1 айға кешіккенін айтады. Ал Қазсушар өкілдері мұны бетон каналдарды уақытылы жөндемеген мердігерден туындаған мәселе дейді. Жөндеу жұмыстары сапасыз болғандықтан, қазір сот процесі жүріп жатыр.
Саят Тұрдықұлов, «Қазсушар» РМК «Жамбыл» өндірістік бөлімінің басшысы:
- 3 канал ғой бұл жақта. Біз кезек-кезек берейін деп отырмыз. Бір каналға 300 литр су сыяды, 1 каналға – 300 литр. Қалған Айтақ деген канал – ол үлкен канал. Үш-үш күннен беріп сөйтіп суарамыз. Өйткені 3 каналға да бірдей жіберсек, құр каналды суарамыз.
Жергілікті билік егісті аман алып қалу үшін Теріс-Ащыбұлақтың суын тікелей жеткіземіз деп уәде берді.
Айта кетерлігі, Жамбыл ауданында 27 мың гектар суармалы жер болса, оның 730 гектарына бау-бақша өнімдері егілген.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.